• Бүгін: 23.05.2018

Кәсібилік – мемлекет дамуының негізі

Мемлекеттік қызмет – әрбір мемлекеттің қалыптасуының, одан әрі дамуының ең басты негізі. 1999 жылы біздің мемлекетімізде ең алғаш рет «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданып, оған іріктеу рәсімдері басқа салалардан ерекшеленді.
2010 жылдарға дейінгі мемлекеттік қызметтің тарихи кезеңдерін алып қарасақ, командалық ауысу белең алған болатын. Мемлекеттік орган басшылығына келген лауазымды адам өзіне жақын немесе туыстығы бар азаматтарды мекемедегі лауазымдарға ауыстыру жағын көздейтін. Бұл жағдайда, әдетте, бұрыннан сол мекемеде қызмет атқарып келе жатқан мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі мемлекеттік қызметтен босатылып кете баратын.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, ауысу тәртібімен тағайындау жүйесі болған кезеңде әрбір мемлекеттік органда жаңа басшының келуімен мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы дерлік ауыстырылуға жататын.
Ал, бүгінгі жағдай тым өзгеше.
Қазіргі күнгі мемлекеттік қызметтегі саясатқа арқау болған кәсіби мемлекеттік аппарат құру стратегиясы Елбасымыздың Қазақстан Республикасын ең үздік отыз елдің қатарына енгізу мақсатына бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы ең маңызды мәселеге айналды. Себебі, мемлекеттік қызмет тарихындағы бұл реформа әрбір саладағы мемлекеттік қызметшілерді мейлінше кәсіби шеберлікке бастау арқылы мемлекеттік басқару салаларының негізгі тетіктерін жаңғырта отырып, мемлекетімізді дамыған озық елдерге теңестіруді көздейді.
Қазіргі мемлекеттік саясат Ұлт жоспарындағы қадамдарды іс жүзіне асыруды көздер болса, оның нәтижесі мемлекеттілікті нығайтуға, тарихи күрделі кезеңдерден сенімді өтуге мүмкіндік беретін елдің беріктігіне қол жеткізуге кепілдік береді.
Мұнда көзделген бес институционалдық реформаның ең алғашқысы болып кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасы орын алды.
Себебі, «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі түрде емдеуді», яғни қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертудің қозғаушы күші ретінде, мемлекеттік биліктің әрбір саласы осындай өзгерістерді талап етті.
Ұлт жоспарының қадамына сәйкес, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс болса, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері, кеңесшілері және баспасөз хатшыларынан басқа, «Б» корпусы мемлекеттік лауазымдарына барлық тағайындаулар конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Тіпті мемлекеттік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары да мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарында қызмет атқарып, одан әрі қарай еңбегінің нәтижесінде сатылап өсіп, мол тәжірибе жинақтаған адамның басшы лауазымдарға келуін көздейді.
Мемлекеттік қызметке жаңадан кіретін азаматтар мемлекеттік органдардағы жалпы конкурстарға ғана қатыса алады. Ал, жалпы конкурстар мемлекеттік органдардың тек төменгі лауазымдарына және ішкі конкурстар нәтижесінде лайықты үміткерлер анықталмаған төменгі болып табылмайтын лауазымдарға өткізіледі.
Бұл орайда, төменгі болып табылмайтын неғұрлым жоғары тұрған бос лауазымдарға жалпы конкурс өткісбестен бұрын ішкі конкурстар жарияланады. Бұл үшін, ең алдымен, бос лауазымы бар мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі. Оған сол мемлекеттік органдағы біліктілік талаптарында көзделген жеткілікті білімі мен тәжірибесі бар қызметкерлер қатыса алады. Мұндағы мақсат - әлеуеті жоғары азаматтар бар болса, мемлекеттік орган ішінде мансаптық өсіру.
Егер де, осы ішкі конкурс нәтижесінде мемлекеттік орган ішінде лайықты үміткерлер табылмаса, бос лауазымға ішкі конкурс еліміздің барлық мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі. Яғни, мемлекеттік қызметке сырттан келетін азаматтардан бұрын барлық мемлекеттік қызметшілер арасынан әлеуетті үміткерлерді іріктеп алу көзделіп отыр.
Бұдан кейін ғана, мемлекеттік орган ішінде немесе басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында лайықты үміткерлер табылмаса, уәкілетті органның келісімімен азаматтар арасындағы жалпы конкурс өткізуге жол беріледі.
Осындай мемлекеттік қызмет персоналын іріктеу жүйесінің арқасында облыс бойынша ауысу тәртібімен тағайындалу көрсеткіші шамамен 58 есеге азайды (бұл көрсеткіш 2015 жылы 1166 болса, 2016 жылы 20-ға төмендеген).
Мемлекеттік қызмет туралы Заңның жаңа моделі бұрыннан келе жатқан меритократия қағидатына баса назар аударып, нағыз білікті, тәжірибелі кадрлардың мемлекеттік қызметі арқасында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, атқарушы билікке білімді де тәжірибелі азаматтардың келуін мақсат тұтады.
Демек, меритократия қағидатын іске асыру аясында, мемлекеттік қызметтің лауазымдарына өткізілетін конкурстарда ең үздіктер мен мықтылар жеңімпаз атанып, басшы лауазымдарға қол жеткізбек.
Ал, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылдау заңнамаларды білуге арналған тестілеу, жеке қасиеттерін бағалату және бос лауазымға жарияланған конкурстардың әңгімелесу кезеңіне қатысу сияқты үш сатылы іріктеу кезеңдерінен өту жолымен іске асырылуда.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметтің жаңа моделін жүзеге асыру жағдайында мемлекеттік қызмет персоналының құзіреттілік мәселесіне аса мән берілуде. Себебі, жеке қасиеттерін бағалау институты 2016 жылдың басынан бастап қана тәжірибеге енгізіліп отыр. Мұнда, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданатын үміткердің жеке басының бастамашылдығы, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, сапаға бағдарлану сынды қасиеттері бағаланады, яғни, үміткердің білім деңгейі ғана емес, мемлекеттік қызметшіге тән жеке қасиеттері де сынға түседі. Себебі, мемлекеттік қызметшіге осынау мемлекеттік қызмет атты өмір мектебінде біліммен, біліктілікпен қатар, құзіреттілік деңгейінің жоғары болуы кәсібиліктің алғы шарты.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге күрделі міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да, халыққа қызмет ету - қашанда сындарлы да абыройлы іс екенін жүректің түкпірінде ұғынуымыз қажет.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше білдірілген сенім және ол мемлекеттік қызметшінің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятынын ескерсек, патриоттық рухты дәріптейтін, елінің қамын ойлаған нағыз іскер азаматтарымыз мемлекеттік биліктің тізгінін ұстар болса, еліміздің келешегі кемелдене түспек.
Н.Ә.Назарбаев айтқандай, нағыз патриот – өз елін мақтайтын емес, нағыз париот – кемшілікті байқап, оны түзетуге ықпалдасатындар.
Елбасы қазақ елін көзі ашық, көкірегі ояу тұлғалардың қолына тапсыру арқылы қоғамның көш ілгері дамуына қол жеткізуге болатындығын өзінің көреген саясатымен ұқтырғандай.
Демек, басқару жүйесіндегі кемшілікті айқындап, оны түзету үшін бойында патриоттық сезімі жалындаған, күш-жігері мен қайратын халықтың игілігі жолында құрбан ететін, білімпаз ұрпақ керек.


Департаменттің Мемлекеттік
қызмет басқармасының басшысы
Г.З. Зейнулла


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.

Күнтізбе
<= Май 2018 =>
ЖкДсСсСрБсЖмСн
1

3

9

16

17

18

21

22

24

25

26

27

28

29

30

31

Видео

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратуға қылмыстық жауапкершілік туралы

Радикалды ағымдардыңы таралу қаупі туралы

Терроризм қаупі туралы

ЭКСПО-17