• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

ОҚО-ға келген Премьер-Министрдің орынбасары цифрландыру жобаларымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.Жұмағалиев Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келді. Сапар барысында Вице-Премьерге облыс әкімінің орынбасары Т.Сәрсембаев цифрландыру жүйесі енгізілген бірқатар нысандарды көрсетіп, ондағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобалармен таныстырды.


Вице-Премьер А.Жұмағалиев бастаған жұмысшы топ алдымен Шымкент қалалық әкімдігінің фронт-офисіне аялдап, ондағы «цифрлық әкімдік» және жұмысқа қабылданатын ұстаздарды іріктеудің автоматтандырылған жүйелерін көріп шықты. Аталған бастамалар адами факторларды азайта отырып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылатуға бағытталған.


Сондай-ақ, қонақтар С.Ерубаев атындағы №24 мектебіндегі электронды журнал мен «Күнделік» жобасының нобайын көрді. Ата-ана мен мектеп арасын жақындатып, баланың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бастайтын жүйе жұмысшы топтың көңілінен шықты.


«Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыруды тапсырғаны белгілі. Ондағы мақсат – заманауи технологияның көмегімен қызметтің сапасын жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабу. Міне, осы тапсырманы орындау үшін қолға алынған цифрландырудың пилоттық жобасын алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысы сәтті жүзеге асырып отыр. Осы жоба өзін толық ақтайтын болса, еліміздің барлық аймақтарында іске асырылатын болады», – деді Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министірлігінің ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алмат Ищанов.


Сондай-ақ, астаналықтар Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ондағы қызметтің электронды түрде қалай көрсетіліп жатқанымен танысты. Облыстағы орталықтарда бүгінге дейін халыққа 805 674 қызмет көсетілсе, оның 574 319-ы электронды қызмет түріне жатады.


 


ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.