• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Шымкентте Өзбекстан кәсіпкерлерінің көрмесі өтті

Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Өзбекстан мен Оңтүстік Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің әріптестік көрмесі болып өтті. Қазақ-өзбек сауда-саттық қаты­нас­тары биыл да кеңінен қанат жайды. Бүгінгі күні Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты сауда-экономикалық әріптестік бойынша Орталық Азия аймағында же­текші позицияға ие болып отыр. Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысты. Қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас артып отыр. Мәселен,  өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымының көлемі 2,0 млрд. АҚШ долларына жетсе, оның 30 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Яғни,  2017 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы тауар айналым 16,8 пайызға артып, 622,6 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде сәйкесінше экспорт – 252,8 млн. АҚШ долларын (өткен жылға қарағанда өсім – 29,7%), импорт – 369,8,8 млн. АҚШ долларын (өткен жылға қарағанда өсім – 9,4%) құрады. Бұдан бөлек, Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында жоспарланған іс-шаралар шеңберінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатысуымен «Аймақтық ынтымақтастық және интеграция: өткізу нарығын кеңейту арқылы екі елдің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңнан астам кәсіпорындар мен мекемелер сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және құрылыс материалдары, медицина және білім саласында Өзбекстан кәсіпкерлерімен табысты ынтымақтастық орнатқан. Айта кетейік, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 2 ірі кілем фабрикасы мен шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар жұмыс істейді. Көрмеде кәсіпкерлер өз тауарларын саудалап қана қоймай, өзара тәжірибе алмасты. Кәсіпкерлер нақты келісім жасап, бірлесе жұмыс істеуге бекінді. Солардың бірі Өзбекстанның «Билол текстиль» кәсіпорнының маманы Ибрахим Хабибуллаев. Ол: - Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. 15 жылдан бері  ерлерге және балаларға арналған костюм-шалбар тігіп келеміз. 20 түрлі тауар бар. Бүгін шымкенттіктер аса қызығушылық танытып отырғанын байқап тұрмыз. Енді нақты келісім жасап, бірге жұмыс істеуге кіріспекпіз. Негізгі мақсатымыз сол,- дейді. Бұл күні тоқыма тауарларынан өзге, аяқ киімдер, жиһаз бен ойыншықтар да көпшілік назарына ұсынылды. Дегенмен, халықтың сұранысы Өзбекстанның күнделікті тұрмыстық жағдайға арналған киім-кешектеріне ауды. Сапасы жоғары, арзан өнімдер алдағы уақытта Шымкент дүкендерінде де сатылымға шығады деп күтілуде.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.