• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Шымкентте азық-түлік жәрмеңкесінің жұмысы жалғасады

Шымкенттегі азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі жалғаса береді. Қала әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев осындай шешім қабылдады. Басқосуға жәрмеңке сатушыларының белсенді тобы мен құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Бұған дейін әр аптаның сенбі күндері қала жұртшылығына арнап жәрмеңке өткізіліп келгені белгілі. Мұнда жергілікті өнім шығаратын кәсіпкерлердің тауарлары, шаруа қожалықтардың көкөністері мен жеміс-жидектері төмен бағада саудаланатын. Әлеуметтік жәрмеңкенің сауда қатарынан табылып, өз кәсібін нәсіпке айналдырып отырған азаматтар өздерін жұмыспен қамтып отырған жандар деуге болады.


Жақында жәрмеңкені жабу мәселесінің қозғалуына себеп – қоғамдық денсаулық басқармасы мен ветеринария бөлімі мамандарының хаты. Құжатта жазғы уақытта тез бұзылатын өнімдерді тиісті жағдай жасамай сатуға қатаң тыйым салынғаны көрсетілген еді.



  • Демалыс күнгі жәрмеңкелер барлық дерлік қалаларда бар. Мен мұндай жәрмеңке өз жұмысын жалғастыра берсін деп есептеймін, - деді қала әкімі жиында. - Бірақ, санитар мамандардың тиісті талаптары бар, одан айналып өтуге болмайды. Сондықтан ет-сүт өнімдері тез бұзылмас үшін тиісті жағдай жасау керек. Себебі, сатушыларға қолайлы жағдайдан бұрын біз алдымен сіздерден өнім сатып алатын қала тұрғындарының қауіпсіздігін ойлауға тиіспіз.


Жәрмеңке сатушыларының белсенді тобы бұл талаппен келісті. Бұған қоса олар тәртіпке өзіміз жауап береміз деп сендіріп отыр: «Біздің тоңазытқыштарымыз бар. Оларды жәрмеңке орнына жеткіземіз. Бізге үлкен шатырлардың қажеті жоқ. Оларды құрып-жинау өте қиын. Өзіміздің шатырларды алып келейік. Жәрмеңкенің орнын да өзіміз жинап кетеміз. Бұған қоса жәрмеңке талабы бойынша тез бұзылатын өнімдерді сатуға тыйым салынғанын білеміз. Ал алыпсатарларға келер болсақ, олар көп емес. Жағдайлары жоқ болған соң сонымен айналысады». Сонымен, қала әкімі ТҮКШ бөліміне жәрмеңке орнына электр жарығын жеткізуді қарастыруды тапсырды. Сонда сатушылар тоңазытқыштарын қосып, генераторларды пайдаланбайды.


- Қалаға жәрмеңке қажет. Біріншіден, оған қалалықтар үйреніп қалды. Өнімдерді базар нарқынан 10-15% арзан сатып алып жүр. Екіншіден, сатушыларға әкімдік тарапынан тегін орындар берілген. Ал барлық талапты сақтамаған сатушылар жәрмеңкеге жіберілмейді, - деген Шымкенттің әкімі бір айдан бері созылған дауға нүкте қойды.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.