• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Түлектер Елбасының жеке архиві ұсынылған көрмені тамашалады

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме Астанадан бастау алып, алдымен Алматы, сонан соң, Шымкент қаласында жалғасқаны белгілі. Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейінің материалдары оңтүстік жұртшылығына үш айдан астам уақыттан бері ұсынылып көрсетілді. Осынша уақыт ішінде көрмені шымкенттік зиялы қауым өкілдері, өнер иелері, бірқатар мекемелер, мектеп және балабақша ұжымдары келіп тамашалады. 25 мамыр – көрменің жабылуына сәйкес осы күні бұл жерге мектеп түлектері де бас сұқты.  Облыстық тарихи-өлкетану музейінде орналасқан көрмеден Ұлт Көшбасшының өнегелі өмір жолдарын көріп, барлық мағлұматтармен етене танысты. Ел Президентінің жүріп өткен жолындағы тарихи сәттерді танып, көкейлеріне түйе білді. «Өміріміздің жауапты кезеңіне қадам басқан біздер үшін осы көрмені көру, танысу – үлкен сабақ болғандай. Біздің де Елбасы секілді биік белестерді бағындырып, елге қалтқысыз қызмет етуге құлшынысымыз артып тұр. Сондай-ақ, көрме арқылы рухымыз жаңғырғандай әсерде болдық» дейді жас түлектер.


 Төрт бөлімнен құралған көрмеге елбасының жеке мұрағатынан алынған 800-ге тарта жәдігер қойылған. «Көшбасшы жолы» бөлімі  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертіп, Ұлттық Көшбасшының жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. «Көшбасшы феномені» бөлімінде жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.


«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Көшбасшының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану белгісі ретінде ұсынылған Елбасының жоғары мемлекеттік наградалары баяндалған.


Ал, «Әлем қадірлеген Елбасы» бөлімінде еліміздің қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткердің биік беделін танытады. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық сыйлықтар, жеке жазбалар, мұрағаттық материалдар арқылы көрініс тапқан.





Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.