• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Музей қабырғасында репрессияға қатысты 15 мыңнан астам құжат, бейнематериалдар бар

Шымкент қаласындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі ҚР 10 жыл толуына орай 2001 жылы 2 қарашада ашылды.


ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін қазақ халқының тарихында  қасіретімен мәңгі қалатыны даусыз. Кеңес өкіметі құрылған алғашқы жылдарынан бастап қазақ даласында жаңа тұрпатты мемлекет құруға қадам жасады. Ал оның жемісті дамуына, отандық мәдениетіміздің ілгерілеуіне барынша ат салысқан қазақ зиялылары, қоғам қайраткерлері сталиндік тоталитарлық режимнің қысымына ілінді. Оларға «буржуазияшыл», «ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Осындай ауыр қасіреттің, нәубеттің тарихын, маңызын білмей, тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, құндылығын түсіне алмаймыз. Қазақтың басына түскен қаралы да қасіретті тарихын халыққа жеткізуде  Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құр­бандарына арналған музей экспозициясының орны ерекше. Музейдің сыртқы келбеті сәулеттік дизайнмен ерекше салынып, қызыл, қара, сұр түспен боялған. Музейдің ішкі залы киіз үйдің бейнесін береді, ал сыртқы көрінісі аспаннан түскен найзағайды бейнелейді. Сұр түс НКВД-нің шинелін, яғни киімін меңзесе, қызыл түс-жазықсыз төгілген қанды, қара түс еліміздің басына түскен нәбует-қара күнді еске түсіреді. Музейдің екі залы бар, бірі:экспозициялық зал, ал келесісі екінші қабатта орналасқан «Тағзым» залы. Музей экспозициясының түп қазығы «Репрессия» деп аталатын синтездік формадағы мүсіндер композициясы болып табылады. «Репрессия» деп, аталатын скульптура ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Көзіңе жас алдыратын, кеудесін халық үні кернеген, тоталитарлық жүйеге қарсы, оққа кеудесін тосқан «Алаш» азаматтары, олардың аяғына оралып: «кетпеші, көке» деп, жылаған жас бүлдіршіндердің аяулы халі шындығында да аяныш туғызады.


1930-1935 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2500-дей адам  оққа ұшты. 7000 мыңнан аса адам «Халық жауы»деп ұсталып кетті. Жазықсыз жапа шеккен ел ардақтыларының есімдері бүгінде Шымкенттегі облыстық  саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің «Тағзым» залында жазулы тұр.


Дариға Бейісова, облыстық Қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкері: -Мұражай ашылған кезде «Тағзым» залында 14 адамның аты жазылған болатын. Бүгінгі таңда олардың саны 2500-ге жетіп отыр. Бұл белгілісі ғана. Ал, елеусіз қалған азаматтар қаншама... Тың деректер келіп жатыр. Өскелең ұрпақты тәуелсіздіктің қадірін білуге, бағалауға тәрбиелеп жатырмыз, - дейді. Музей қабырғасында сонау қиын кезеңнен сыр шертетін 15 мыңнан астам құжат, суреттер мен бейнематериалдар бар.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.