• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Мұғалімдерді жаңа жүйемен жұмысқа қабылдау қарастырылуда

 Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру және мектеп директорларын тағайындау жұмыстары жаңаша форматта жүзеге асырылатын болды. Осыған орай Шымкент қаласында өткізілген жиында облыстағы мектептермен бірге Шымкент қаласында білім жүйесі де тілге тиек етіліді. ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалық етуімен өткен селекторлық жиында аталған мәселе жан-жақты талқыланды. Бұған дейін педагогикалық қызметке кандидаттар, жоғары оқу орындарының түлектері, бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарын аралауға мәжбүр еді. Білім саласына жаңа жүйе енгізілгеннен кейін веб-портал арқылы онлайн-өтінішті жолдап, конкурстық негізде іріктеуден өтіп жұмысқа қабылдауға комиссияға ұсынылады. Бұл жұмыстар қоғамда орын алатын сыбайлас-жемқорлық фактілерінің жолын кеседі.


Аталған жүйе Шымкент қаласындағы барлық мектепке орнатылған. Нәтижесінде қаладағы білім ұяларында 12, ал облыс бойынша 205 бос жұмыс орыны бар екені анықталған. Дегенмен, кейбір аудандарда аталған жүйенің мақсатты жұмыс істеуі үшін қажетті кабинеттер жабдықталмаған. Сонымен қатар, бұл жүйенің және кабинеттің жұмысын үйлестіру үшін ІТ-мамандар бірліктері бөлінбеген. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.


Сонымен қатар, мектеп директорларының оқу-тәрбие және педагогикалық инновация жұмыстарымен айналысуына толық мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруды және мектеп ғимараттарын ұстау қызметтерін жаңа формада ұйымдастыру үшін жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық қызметіне беру механизімін қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды.


 «Біз білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы дәстүрлі жүйені түбегейлі өзгертіп, жаңашылдыққа бет бұруды бастадық. Ол – заман талабы.  Білім саласына сандық технологияның жетістіктерін және өзге де жаңа заманға жүйелерді енгізіп, туындаған мәселелерді түбегейлі шешудің жолын табу керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.


Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке талдау жұмыстарын жүргізуді және кемшілікке жол берген мамандарға тиісті шара көруді тапсырды. Сонымен бірге мектеп директорларын ротациялау бойынша ұтымды ұсыныс жасау қажеттілігін айтты. Себебі, арнайы зерделеу барысында бір мектепте 15 жылдан жоғары – 36, 20 жылдан жоғары - 19 директор қызмет ететіндігі анықталған.


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.