• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

«Бала көтермес бұрын әйел дәрігерлік тексерілуден өтуі керек»

 Бибігүл Насурлайқызы Перниязова,


Шымкент қалалық орталық емханасының  акушерлік-гинекология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер:


-Бибігүл Насурлайқызы,  біздің қоғамда ана мен бала денсаулығы, жалпы әйел адамның салауатты өмір салтын ұстануы тұрғысынан аз мәселе көтеріліп жүрген жоқ. Сондықтан ана мен бала хал-ахуалын білмек үшін сізбен әңгімелесуге келіп отырмыз.  Шымкент қалалық орталық емханасындағы сіз басқаратын бөлімде аймақ бойынша босану жасы аралығындағы қанша әйел, қанша жүкті әйел және балалар тіркелген?


-Шымкент қалалық орталық емханасында қазіргі таңда бекітілген халық тіркелімі бойынша  босану жасындағы 22 700 әйел тіркелген, босану жасындағы әйелдер деп 15 пен 49 жас аралығындағы нәзік жандыларды айтамыз. Сондай-ақ бекітілген халық тіркелімі бойынша бір жасқа дейін 1 037 нәресте, ал бір жастан үш жасқа дейін 2 479 бала тіркеуде тұр. Бізде жалпы алты гинекологиялық аймақ (Әл-Фараби және Абай аудандарына қарасты) қызмет атқаратын болса, олардағы әр гинекологта 130-138-ден жүкті әйелдер бар. Бүгінгі күні біздің емхана бойынша жалпы 779 жүкті әйел тіркелген.


- Түсінікті. Қазіргі кезде әйелдерде көбінде қандай сырқат түрі меңдеп бара жатыр? Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ана мен бала денсаулығына, әсіресе аналар өлімін азайту, оны болдырмау мақсатында біршама шаралар атқарылды. Босану жасындағы әйелдердің қазіргі жағдайлары қалай?


-Босану жасындағы  әйел баласы үшін 15 пен 49 жас мөлшерін белгілеп алатын болсақ, осы жастағы жүктілік кезінде көбінде олардың экстрагенитальды аурулары асқына түседі. Экстрагенитальды аурулар дегеніміз не?  Олар жүкті әйелдің бойында бұрыннан бар бүйрек, жүрек, асқазан-ішек жолдары аурулары немесе буын аурулары, соның салдарынан бала көтерген уақытта әлгі дерттің өрши түсуі. Өкінішке қарай, сондықтан жалпы біздің халықтың денсаулық көрсеткіші төмен деп айтсақ да болады.


-Олай болса, мұнымен қалай күресуге немесе алдын алуға болады?


-Әрбір әйел өзінің денсаулығына бей-жай қарамай, ұқыпты күтінсе болды. Яғни, әйел баласы бала көтерердің алдында өз денсаулығы туралы толық мәліметі болуы керек. Дәрігерге бір тексеріліп барып және босану алдындағы дайындықтан өтуі керек. Дайындықтан қалай өту керек дейсіз бе? Қазір біздің дәуір техниканың алға жылжып, жаңа инновациялық технологиялардың жетілген заманы. Солардың көмегімен қанның анализі, бүйректің және асқазан-ішек жолдарының қызметін білу үшін барлық тексеруден мұқият өтсе болғаны. Негізі босану жасындағы әйел денсаулығына қатысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 3 шілдедегі № 452 бұйрығы бар, бұл «жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және ұрпақты болу жасындағы әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру шаралары» деп аталады.  Осы бұйрықтың негізінде әлгінде айтылған әйел баласы егер бала көтеремін десе, ол жүкті болар алдындағы дайындықтан өту керек. Ол жерде әйел міндетті түрде жылына бір рет өзінің аймақтық терапевтіне келіп тексерілуі қажет. Мұнда ол қанның, зәрдің жалпы анализі, індетті ауруларға тексеріліп, одан кейін бір рет гинекологтың қарауына барады.


-Алайда жыл сайын дәрігердің тексерілуі тұрмақ, бір баласын босана сала, келесі жылы екінші қайтара құрсақ көтеретін, жыл сайын жүкті болып аяғы ауырлайтын  келіншектер жеткілікті ғой. Тіпті, бес жылда бес баласын дүниеге әкелетіндер бар. Мұндайда қандай кеңес берер едіңіз?


-Жоғарыда айтып кеткен бұйрықта «интергенетикалық интервал» деген бар, яғни екі баланың арасындағы бала көтеру уақытын сақтану ережесі. Табиғатта әйел баласы босанғаннан кейін оның жалпы ішкі ағзалары бір жылда орнына қалыптасып келе бастайды. Ал, барлық жүйелері толық екі жылда орнына келеді. Өйткені, жүктілік кезде эндокриндік жүйеге салмақ түседі. Әсіресе ағзада гармональды өзгеріс міндетті түрде болады. Гармональды өзгеріс қайтадан орнына барып қалыптасамын дегенше бір жылдай уақыт өтеді екен. Одан кейін барлық жүйелер бұрынғы физиологиялық қалпына келіп жұмыс істеуі үшін тағы бір жыл өтеді. Сондықтан әйел екі жыл өткеннен кейін құрсақ көтеріп, үшінші жыл дегенде жүкті бола жүріп, төртінші жылға қарағанда босанса құба-құп болар еді. Неғұрлым әйел ағзасының қалыптасып барып бала көтергені өзіне де, балаға да жақсы.


-Шын мәнінде қазір әйелдерге қай жаста босанған тиімді? Бізде оңтүстік өңірде 18-25 аралығында жиі, әрі белсенді босанады. Қырыққа таяп босанатындар бар, ғалымдардың зерттеуінше қырық жасында туылған балалар өте зерек, ақылды болатын көрінеді. Дегенмен қайсы жас қолайлы? Қазір қайсысы басым?


-Негізі әйел ағзасы 18 жастан бастап, бала көтеруге дайын. Бірақ, әйелдердің босану жасы 15 жастан басталады дегеннің өзінде.... Он бес жастағы қыз бала да құрсақ көтере алады, бірақ ағза әлі дайын емес. Ағза он сегіз жастан дайын. Сондай-ақ қырық тоғыз жасқа дейін босануға да ешкім шектеу қоймайды. Бірақ, жаңа айттым ғой, ағзаның кейбір жүйелері әсіресе аналық бездердің жұмыстары қырық жастан кейін өздігінен баяулай бастайды. Мен ойлаймын, мұның барлығы салауатты өмір салтының кемшіндігінен. Ал, егер салауатты өмір салтын жақсы ұстанған, өзінің экстрагенитальды аурулары жоқ, денсаулығын жақсы қадағалаған әйелдер болса, олардың 49 жасқа дейін бала көтеріп тууларына мүмкіндігі бар. 


-Сіздерде осындай қырық бес- қырық тоғыз жасында босанған әйелдер болды ма?


-Иә, менің тәжірибемде болды. 2014 жылы орыс тілі пәнінің мұғалімі қырық жеті жасында босанды және жүктілік жақсы аяқталды. Баланың салмағы төрт келі болды. Әйелдің ержетіп кеткен екі баласы бар. Одан кейін екінші рет тұрмыс құрып, жұбайына екеуара сәби керек болған соң, ешқандай асқыну немесе артериялық қысымның жоғарылауы, гемоглобиннің төмендеуі сияқты зардаптардың ешбірі кездеспегендіктен, ол сәтті босанды.  


-Жасөспірімдердер арасындағы ерте жүктілікке тоқтала кетсеңіз. Мұндай фактілер кездесіп тұра ма?


-Шымкент қалалық орталық емханасында 15 жасқа дейін бала көтеріп, босанған қыздар болған жоқ. Мен өзім осы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп келе жатқан 2013 жылдан бергі жағдайды айтып отырмын. Ал, басқа аймақтар туралы ешнәрсе айта алмаймын. Жасөсіпірімдер туралы айтар болсақ, үш жоғары оқу орны және жеті орталық колледж, бес мектепте де мұндай жағдай тіркелген жоқ. Бірақ ол мектептерге жасөспірімдер арасында жыныстық қатынас және ерте бала көтеріп, туудың немесе жүктілікті үзудің жағдайы туралы аймақтық терапевті, акушерлік-терапевтік, педиатриялық торап әңгіме-кеңес өткізіп, бірлесе жұмыс істейді. Осы тораптың жұмыс  істеу жоспары бар, жоспар бойынша аймақтық акушер-гинеколог, аймақтық терапевт және аймақтық педиатр айына бір рет  жаңағы мектептердің талап етуі бойынша жасөсіпірім қыздардың арасында ерте жыныстық қатынас және оның зияны туралы әңгіме-жиын өрбітеді. Одан кейін бізге анықтама қағазын береді, біз анықтама қағазын тіркеп, сол арқылы ішінара бақылап отырамыз. Міне, осылай әрі сабақ өткізіп, әрі қадағалап тұрамыз.


Сонымен бірге жоғары оқу орындарында өздерінің мейірбикелері бар, сол мейірбикелермен біздер тығыз байланыстамыз. ЖОО, коллеждерде қыз балалар тұрмысқа шығып жатқан жағдайда немесе бала көтерген болса, оларды арнайы шақырып, жанұя жоспарлау кабинетінде кездесеміз. Бізде 308  кабинет «Жанұя жоспарлау бөлмесі» деп аталады. Осында  сол қыз балалармен әңгіме өткіземіз. Оқуын бітіру керек екенін, ағзаның дайын, дайын емес екендіктерін айтып кеңес береміз. Егер бала көтерген болса, өзінің тұрғылықты жері бойынша қай жерде тұратынын анықтаймыз. Яғни, олар оқу орнына қаланың, ауданның әр жерінен келіп отыр ғой. Оқитын оқу орны біздің аймаққа қарайтын болғандықтан, оларға тиісті қызмет көрсетеміз де, кейін біз өзіміздің бекітілген халық тіркелімінен шығарып, олардың тұрғылықты мекен-жайына анықтама қағазын жібереміз. Мәселен, «Сіздің аймағыңызда осындай жүкті әйел бар» деп. Одан кейін олар жүкті әйелді есепке алады.


Негізі жүкті әйелдер он екі аптаға дейін есепке тұрғандары дұрыс. Себебі, жаңағы он екі аптада баланың жолдасы қалыптасатын уақыт. Бала жолдасы қалыптасқанға дейін,  жүкті әйел осы жүктілікті сол ағзамен көтеріп, тоғыз айға дейін жеткізіп, жақсы аяқтай ала ма, жоқ па, соны белгілеп шешуі керек. Егер  ол әйелдің жүрегінде ақау немесе миында өзгерістер кездессе, біз оны бақылауға аламыз. ҚР Денсаулық сақтау министрінің №626 бұйрығына сәйкес жүктілікті қалдыру немесе үзу сұрағы осы аталған он екі аптаға дейін шешілуі тиіс. Сондықтан жүкті әйелдерді 11-12 аптасында тіркеуге міндеттеп шақырамыз. Бұл бір жағы. Ал екінші жағы қазір бізде биохимиялық генетикалық скрининг бар, яғни 10 мен 13-інші апта төрт күнге дейін іштегі баладағы туа пайда болатын ақаулар бар ма, жоқ па, соны қан арқылы тексеретін аппарат. Бұл генетикалық деңгейде тексеретін анализ. Хромосомалардағы қандай да бір өзгерістердің бар-жоғын, айталық  дауна, одан кейін эдвардс синдромы секілді генетикалық ауруларды анықтайды.



  • Егер айтылған 10-13 апта төрт күнге дейін тексеріле алмаса, не болады?


-Ондай кезде жүктіліктің он алты аптасы мен жиырма апта төрт күнге дейін тексерілуге мүмкіндігі бар. Аяғы ауыр әйел осы белгіленген бірінші кезеңде, оған үлгермесе екінші мезгілінде өтуі керек. 


-Әлгінде айтқан скрининг аппараты сіздердің емханаларыңызда бар ма?


-Ол аппарат біздің Шымкент қалалық орталық емханасында жоқ. Дегенмен, Нұрсәт шағынауданындағы үшінші деңгейде босанатын әйелдерге көмек көрсететін № 4 облыстық перинатальдық орталығында бар. Содан кейін №1 Шымкент қалалық перинатальдық орталығынан табылады.


-Даун синдромына шалдыққандар жиі кездесіп тұра ма?


-Жиі деп айта алмаймын. Биохимиялық скринингтің арқасында жылына бес-алты рет кездеседі. Скрининг соңғы лабораториялық тексеру емес, егер анализі күдікті шығатын болса, ол әйелдерді біз Алматыдағы «Ана мен бала» орталығына жіберіп, инвозивті әдіспен анық анализін қойдырамыз. Ол жерде әйелдің алдыңғы қабырғасы арқылы лапароскопиямен кіріп, баланың өзінен ткань алынады. Яғни, іштегі дамып жатқан баладан жасуша алынып тексеріледі. Хромосомалық деңгейде тексеріліп, сол жерде қорытынды анализ шығады. Сонда ғана медициналық көрсеткіш бойынша «жүктілікті үзуіңіз керек» деп біз әйелге айта аламыз. Бұл он күннің ішінде шешілетін нәрсе.


-Демек, неғұрлым алғашқы апталарда барлық тексеруден өтіп үлгергені дұрыс ғой...  


-Өте дұрыс. Жиырма аптаға апарғаннан гөрі... Қандай жағдайда да баланы қалдыру немесе үзу сұрағына әйелдің өзімен кеңесіп шешеміз, егер ол баланы босанамын десе өз еркі, жүрек қалауы. Үзілді-кесілді үзуге қарсы болса, баланы алып тастауға біздің құқығымыз жоқ.


-Соңғы сұрақ. Жүктіліктің бастан-аяқ сәтті аяқталуы үшін әйел не істеуі керек?


- Ең алдымен әлгі айтқан он екі аптаға дейін тұрғылықты жеріндегі емханаға барып тіркелгені жөн. Ол жерде жүкті әйелге аймақтық терапевт, аймақтық терапевтің екі мейірбикесі, аймақтық гинеколог, аймақтық гинекологтың акушеркасы және аймақтық педиатр, оның екі мейірбикесі,  бір әлеуметтік қызметкер және бір психолог әлеуметтік медициналық көмек көрсету керек. Яғни  оны біз антенатальды күтім деп атаймыз. Іштегі баланың күтімі деген сөз. Ол күтімді қалай жасайды? Әйел есепке тұра сала, барлық жүкті әйел тапсыру керек міндетті анализдерді уақытылы тапсырады. Көбінесе жүкті әйелдерде кездесетін жүктілік анемиясының немесе экстрагенитальды ауруларының қай деңгейі екенін анықталып, уақытылы дер кезінде ем беріледі. Үшінші, өзіне керекті мамандардың кеңесін алады. Егер кейбір мамандар бізде жоқ болса немесе денсаулығына байланысты күмәнданған жағдайда облыстық деңгейдегі мамандардың кеңесіне дейін жолдама арқылы  жібере алатын мүмкіндігіміз бар. Бұл да ана күтімі деп есептеледі. Одан кейін біздің аймақтық гинекологтар жүкті әйелді босануға дайындау бөлмесі арқылы жұмыс істейді. Күнделікті бір сағат оларға әңгіме-кеңес өткізеді. Жүктілік кезінде әйел баласының гигиенасы қалай болу керек, қалай тамақтану керек, қай уақытта тынығып демалу керек, қай тексерілулерді қай уақытта өткізу керек, одан кейін босануға қалай дайындалу керек, қалай жедел-жәрдемді үйге шақыру керек, перзентханаға не апару керек, перзентханаға түскен жағдайда жүктіліктке қатысты қандай қауіпті белгілер болады, соның бәрін үйретеміз. Аптаның екі күнінде толғақ деген не, күшеншек дегеніміз не, өзін қалай ұстау керек, ауырсынуды басу үшін қандай жаттығулар жасау керек, өзімен бірге перзентханаға жақын адамын бірге алып кірген кезде ол адамның гигиенасы қандай болу керек, қасындағы бірге кірген адам қандай қызмет жасау керек, босанбастан бұрын ол кісімен де сұхбат өткізіп, қасында болатын адамды да дайындаймыз. Теледидар арқылы бейнероликтерді көрсетеміз.


-Иә, осының өзі үлкен көмек. Әңгімеңізге рахмет! Еліміздің демографиясының дамуына атсалысып келе жатқан істеріңізге сәттілік тілейміз!


Құралай АХМЕТ


Бөлісу:
MatgisH жазған (2018-06-11 02:51:06):
Amoxicillin Mennieres Cialis Donde Comprar Espana <a href=http://cialibuy.com>where to buy cialis online safely</a> Isotretinoin 10mg Overseas Low Price

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.