• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Айт намазында елімізге тыныштық пен береке тілеп, дұға жасалды

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі  Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.  Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді.  Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы - мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың - араларыңдағы өшпенділікті жояды», - деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке - айт нама­зы­на хош иісті болып бару - Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалы еді.


Ораза айт күні Шымкент қаласының тұрғындары таңмен таласа Абдулхамид Қаттани мешітіне жиналды. 30 күн Ораза тұтқан  күллі мұсылман қауымы айт намазын оқыды.


Олжас Ханафин, Абдулхамид Қаттани мешітінің наиб-имамы: - Мұсылманның бір міндеті - Ораза айтын шынайы мереке екенін жұртқа сезіндіру. Бұл бір ұлы мереке, Алла тағаланың бізге берген мерекенің бірі. Бүгінгі Ораза айты құтты болсын. Бүгінгі оқылған айт намазыын Алла тағалла бір өзі қабыл етсін.


Айт намазынан  соң елімізге тыныштық пен береке тілеп, дұға жасалды. Жиналған жамағат төс түйістіріп, бір-бірін ұлық мейраммен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Айт намазынан кейін қала мешіті жанында ұлттық ойындардан түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Білекті жігіттер күш сынасты. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер табыс етілді. Бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайтын, адамдардың жан дүниесін қуанышқа бөлейтін ұлық мейрам осылайша көтеріңкі көңіл-күймен  мерекеленді.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.