• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Үйде мәуелі ағаш өсірудің пайдасы неде?

Біріншіден, үй бөлмесі үшін ерекше сән беріп тұратын әдемі интерьер. Екіншіден, бөлмедегі оттегіні реттеп тұрады. Үйдің ауасы тазарады. Үшіншіден, адамның көңілін жайландырып, жүйкені тыныштандырады. Күнделікті күйзеліспен күреседі.


Үйде өсірілетін пальма мен банан ағаштары тропикалық елдердегі экзотикалық пейзажды еске түсіреді. Бамбуктер шығыс елдерінің лебі есіп тұрғандай әсер береді. Шеффлер, фикус және филодендрон ағаштары нағыз «джунглиді» елестеді. Қайсысы болмасын бөлмеге әр беріп қоймай үңірейген бұрыштарды жайнатып жібереді, тіпті тартымсыз жиһаздың өзіне жараса кетіп шырайын келтіре алады.


Талғамыңызға сай тал таңдаңыз


Соңғы жылдары үй бөлмесіне ағаш өсімдіктерді отырғызу кеңінен етек алды. Оның түрлері күннен-күнге артып келеді. Қайсысын еккіңіз келеді, ол сіздің талғамыңыз бен пәтеріңіздің, не бөлмеңіздің мүмкіншілігіне байланысты. Неғұрлым үй өсімдігі, әсіресе биік тал-ағаштар көп болған сайын, үйдің ауасы да тазара береді. Жанды табиғатпен қауышқандай әсерде боласыз. Егер күтімін дұрыс жасай білсеңіз, көп ұзамай  үйдің ішін шаттыққа бөлеп тұратын биік ағаштар сіздің отбасының бір мүшесі секілденіп кетеді. Түпкілікті назар аударып, көңіл бөлуді қажет етеді. Енді бөлме ағаштарының ішіндегі ең танымал түрлерін атап өтейік.


Монстр. Ірі тропикалық өсімдік. Өте тартымды, аса кірпияз да емес. Оған көп күтімдің қажеті жоқ. Биіктеп өскен сайын оның жапырағында жырықтар немесе тесіктер пайда бола бастайды. Оның себебі, жапырағының тым тез үлкейіп өсуінен. Монстр жылыны жақсы көреді. Қыстыгүні бөлме температурасын 17 градустан артық төмендетуге болмайды. Ең абзалы, күн молынан түсетін терезе жақ бетке қойған дұрыс. Монстр жылдам ұлғайып өседі, көлемі және бойы жағынан да. Мәселен, кейде бес метрге дейін өсетін кездері бар. Сонымен қатар, ылғалды да ұнатады. Жиі суғарып тұрыңыз, бірақ мынаны ескеріңіз, екінші суаратын сәтте алдыңғы суарғаныңыз кеуіп үлгеруі керек.


Фикус талы. Танымал. Оның отаны климаты ыстық, әрі ылғал тартатын елдер болып табылады. Филиппин, Қытай, Австралия,Үндістан. Егер далалық жерге ексеңіз, фикус жиырма метрге дейін жете алады. Ал, үй жағдайында үш метрге барады. Фикус – нағыз «шыбық тимей шыңқ етер», ол жанды нәрсе секілді, өзіне көп көңіл бөлгенді қалайды. Ең бірінші оған үй ішінен жақсылап орын таңдап алу керек. Егер оны жылы орнынан қозғайтын болсаңыз, әрі-бері жылжытсаңыз, ол «өкпелеп» қалады, бірден жапырақтарын тастап жіберуі мүмкін. Ол суықты, қараңғыны және желді ұнатпайды. Сондықтан мейлінше жылы, күн түсетін, айдың жарығы түсетін, жел кірмейтін жабық бөлмеде ұстайсыз. Сосын тағы бір ерекше күтімді қажет етеді, оны айына бір рет су бүркіп тұруыңыз қажет. Не болмаса жуынатын ваннаға қойып, душқа бір түсіріп алыңыз. Бастысы, топырағы қатты құрғап кеткенше сусыз қалдырмасаңыз болды. Уақытылы суғарып тұрыңыз.


Лавр. Үй ішінде лавр 1,5—2 метрге дейін ұзарып өседі, ерекше дизайндық сән беріп тұратын да осы лавр ағаштары. Өзіңізге қолайлы пішінде жапықтарын қырқып алып тастауға да болады. Көбінде кеңседе, үй бөлмесінде лавр молынан өсіп тұрады. Лаврды жарық күн сәулесі тікесінен түсетін бөлмеде қоя беріңіз, жапырақтары күйіп қалады деп қорықпай-ақ қойыңыз. Оның жапырақтары өте қалың, қанық түсті болып келеді. Сондықтан көлеңкелі орындарды жақтырмайды. Бөлме іші неғұрлым ылғал болған сайын лавр жаны кіріп көктеп өсе береді, биіктей де алады. Оған да су бүркіп тұрғаныңыз жөн. Ыстық күндері жиі су құйып тұрыңыз. Топырағы қатып қалғанша тұрғызуға болмайды.


Рапис. Пальманың бір түрі, көп күтімді қажет етеді. Осы уақытқа дейін рапистер 1,5 метрге дейін ғана бөлме ішінде өсіп келді, ал қазіргі жағдайда бөлме гүлдерін егудің түрлі жолдары мен мәдениеті дамыды. Оны оңай-ақ үш метрге дейін жеткізуге болады. Ол жарықты қатты жақсы көретіні сондай, ұзақ уақытқа дейін күн көзі астында тапжылмай өмір сүре алады. Дегенмен бір қайран қаларлығы, күңгірт жерге қойсаңыз да өзін жақсы көрсетіп, жайқалып тұра алады. Рапис әдемі пішінде гүлдеп өсу үшін оны алма-кезек түбегімен айналдырып өсіріп тұру керек. Онша-мұнша ылғалдылықты қажет ете бермейді, бірақ сонда да болсын, жаздыгүндері су бүркіп тұру қажет болады. Жазда жиі суғарып, қыста мөлшермен суарсаңыз болады. Рапистің топырағы да тым құрғап кетпеуі керек.


Кофе ағашы. Кофе ағашының бір ерекшелігі – қасына көршілес қонған гүлдерді, талдарды аса жақтырмайды. Жалғыз өскенді қалайды. Егер оны бұрышқа тек өзін ғана қалдырсаңыз, тез әрі құлпырып өсіп шығады. Ол да үш метрге дейін ұзарып өсе алады. Желден қорқады. Су бүріккен сәтте жылы су таңдасаңыз болды. Барлық өсімдіктер секілді жарық мен жылылықты сүйеді. Тым көп құймай мөлшермен суарсаңыз жеткілікті.


Драцен. Көрер көзге тартымды, жапырақтары сүйріктей ұзын, жіңішке. Сырттан қарағанда таралмаған ұйқы-тұйқы шашқа ұқсайды. Дұрысы – шығыс немесе батыс жақтағы терезе маңына қойыңыз. Жапырағы ала-құла қанық қою түсті болғандықтан, жарықты, күн көзін талап ете бермейді. Дегенмен, мүлде күн түсірмесе болады деген сөз емес. Егер ұзақ уақыт күн көрмесе, жапырағы одан бетер түсін жоғалтады. Драцен талы үшін жасанды жарықтар да жеткілікті. Тек ылғал сүйгіш. Оны жиірек суарып тұруыңызға тура келеді. Сондықтан үнемі топырағы ылғал күйде тұруына қадағалаңыз. Міндетті түрде шаңын сүртіп, су бүркіп тұруды ұмытпаңыз.


 Үй ағашын сатып аларда сатушының міндетті түрде кеңесін алыңыз. Әрбір талдың күтімі, суару тәсілі, тыңайтқыштары әртүрлі болады. Егер сіздің сатып алған ағашыңыз аса күтімді қажет етпейтін болса, онда мына ережелер қаперіңізде жүрсін.



  1. Қандай өсімдік, бөлме ағашы немесе гүлі болмасын өтпе желдің өтінде қалып кетпеуін қадағалаңыз. Олар да жаңа туған сәби секілді өтпе желді көтере алмайтындай тым нәзік.

  2. Сонымен бірге жылу батареясының, жылытқыштардың қасына жақын қоюға да болмайды. Өте қауіпті.


Әрбір талдың өзіне сәйкес келетін түбек таңдап алыңыз. Бөлме гүлдері қашанда есіктен кіріп келе жатқан адамның көзін өзіне жалт қаратады. Сол себепті оған қоса түбегі де сәнді болғаны жарасымды. Қымбат гүлді ағашқа сапалы, әрі қымбат, әдемі түбектер керек. Шаң түспей жылтырап тұрса, сосын топырағы тап-тұйнақтай болып тұрса одан асқан сұлулық жоқ. Құрғап кеткен жапырақтарын дер кезінде жұлып тастап отырғайсыз. Өйткені, ағаштың өңін қашырып жібереді.


 Нұрсәуле Нұрманова, гүл өсіруші:


-Үйде өсірілетін ағаштарды отырғызу үшін алдымен өз алдына бөлек өсіп тұрған басқа ағаштан қосымша бір бұтағын шағындау етіп кесіп аламыз.  Әдейі қиғаштау қылып қиямыз, содан соң, жапырақтарын алып тастап, тек бұтақтың өзін дайын түбектегі топыраққа отырғызамыз.  Топырықтарға гүл дүкендерінде сатылатын тыңайтқыштар араластырамыз. Сосын топырақтан жартылай шығып тұрған бұтақтың бетін бір литрлік банкімен жауып қоясыз. Айтпақшы, бұтақты арнайы өңдейтін, тазалап жуатын қоспалары бар. Дүкеннен оны да қосып сатып алуды ұмытпаңыз.


Арада қырық күндей өткенде, түбектегі бұтақ тамырланады. Сол кезде бетіндегі банкіні алып тастайсыз. Оған дейін банкіні ашуға болмайды, өйткені ол вакуумның қызметін атқарып тұр. Банкіні аламын дегенге шейін жан-жағына суды шым-шымдап тамшылатып топырақ бетіне су құйып тұрсаңыз, сол да жеткілікті. Бұл жерде алдымен тамыры өсіп алғанына жіті мән беру керек. Түбі дәу тал болып өседі, біржола үлкен түбекке отырғызайық деген болмайды. Көбінде бөлме ағаштары бір жарым жыл ішінде өсіп шыға алады. Әрбір талдың күтімі, себетін тыңайтқышы, суару тәсілі әрқандай. Гүл сататын дүкендерде әмбебап тыңайтқыштар бар, егер ағаш отырғызатын ниетіңіз болса, минералдармен бірге әмбебап тыңайтқыштарды таңдасаңыз болады. Ал, топырақты екі жылда бір рет ауыстырып тұру керек. Кейбір гүлдер тым жиі суарсаңыз, шіріп кетеді. Сондықтан суару аралығын жақсы білгеніңіз дұрыс. Мәселен, «доллар ағашы» деп аталатын бөлме ағашын айына екі рет суарып тұрсаңыз жеткілікті. Қазір керекті ақпараттар қолжетімді, сол себепті барлығын ғаламтордан оқып алып, қиналмай-ақ кеңестерін қолдансаңыз болады.     


Құралай АХМЕТ


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.