• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

ДОМБЫРА

Ғалия Мейірманова Тотанқызы


Мен туған жыл елу бірдің күзі еді,


Қар қалың боп басып қапты үйлерді.


Деуші еді әкем талай ойланып,


«Қоян жылы халық қатты күйзелді»,- деп жырға қосқан белгілі ұстаз ақын Ғалия Мейірманова Тотанқызы 1951 жылдың 18 қарашасында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келді. Ол 1971 жылы Қызылорда қаласындағы М. Мәметова атындағы педагогикалық училищесін бітіріп, 1971-1989 жылдары Қазалы стансасындағы №17 темір жол мектебінде, 1989-1997 жылдары Байқоңыр қаласындағы №8 мектепте ұстаз болып, құрметті еңбек демалысына шықты. 


Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп , олардан немере сүйген ардагер-ұстаз, ақынның өлеңдері «Байқоңыр жырлайды»ұжымдық жинақта, «Әділдік пен адамдықты ту еткен» милиция полковнигі Алтыбай Сағымбаев жайлы естелік кітапта,  «Егемен Қазақстан» , «Атамекен Қазалы » газетінің «Шабыт» атты әдебиет пен өнер бетінде , «Көз», «Ұлағат ұясы» республикалық ақпараттық-танымдық басылымдарда жарияланды. 2010 жылы «Байқоңыр» кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек», «Абырой», «Құрмет» төсбелгісімен марапатталған . 1980 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы. Мұғалімдік қызметте жүріп шығармашылықпен айналысу, ол дүниелерді жинау, бастыру ,әрине, оңай шаруа емес. Екі тізгін, бір шылбырды қатар ұстаған ұстаз-ақын қазір зейнетте. Қызылорда қаласы, «Ли -Медиа» баспаханасынан 2017 жылы «Бір үзік сыр » атты 148 беттен құралған,7 бөлімнен тұратын  жыр жинағы жарық көрді.


 


                                  Домбыра


 


Бабадан бізге қалған домбырасың,


Жүректің қозғайсың жан жарасын.


Күмбірлеп күй төгілер шанағыңнан,


Ой,дүние,делебемді қоздырасың.


 


.Күмбірлеп ән төгілер  қос ішектен,


Қосылып ән салайық мына көппен.


Серілер серік қылған домбырасын,


Сазды әуен шалқысын жер мен көктем.


 


Тізіліп сапқа тұрат перделерің,


Ал,халқың көтереді кеуделерін.


Сөйлейсің адамдай боп сен домбыра,


Бас иет құрметпенен пенделерің.


 


Үзіліп қарай берем құлағыңа ,


Тайбурылдың шабысы құлағымда.


Домбыра,сен неткен құдіретсің,


Кетіп барам зуылдап сол ағымда.


 


Қандай күш бар еді тиегіңде,


Кәспидің тұрғандаймын жиегінде.


Домбыра,сен күмбірлеп кеткеніңде,


Бір сезім пайда болды жүрегімде.


 


Домбыра, екенсің ғой мейірімді,


Тамсантып,таңырқаттың қалың елді.


Қазақтың домбырасы аман болсын,


Шығарат әлі талай іштен шерді.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.