• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Жарамазан айтқан кештер

   Балалық, жастық шақтың аусарлығымен қатар, естен кетпес әдемі елестері де болады ғой. Сол елес аңғал шақтың көрінісін көз алдыма әкеліп, сонымен бірге туған ауылыма, ауыл адамдарына деген сағынышымды оятады. Тазалық әлеміне қиялыңды шарлатып, жаныңды демалдыратыны бар.  Кіршіксіз көңіл, алаңсыз да шынайы сезім... қайран сол бір алыста сағымдай бұлдырап қалған керемет шақтар-ай...


Бұл – Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі халықтың қалай тіршілік етерін білмей, сансырап қалған алғашқы тоқырау жылдары болатын. Кеңес Одағының «қанды құрсауынан» енді құтылып, дінімізді еске алып, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттап жатқан кез еді. Иә, саясатқа бас ауыртпай-ақ, жарамазанға қатысты нақты әңгімеге көшейін.


Інім екеуміз әкемнің кітап қорындағы жарамазан туралы су жаңа кітапты қолға алып, «жорыққа» дайындалдық. Әрине, жарамазанды айтатын мен емес, інім. Өйткені, мен «сақалым сапсиған» жоғары кластың оқушысымын, әрі қыз баламын. Ал, інім бастауыш класта оқитын 9-10 жасар ойын баласы. Жандосты жарамазан айтуға көндіру маған оңайға соқпады. Бала болса да ол әдепкіде «қойшы, қайыршылар сияқты әркімнің есігіне барып жүремін бе, апай ұрсады, қыздар мазақтайды» деп шатқаяқтады. Мен жарамазан айту сауапты іс екенін, оған төбемізден қарап тұратын құдайдың риза болатынын, ол Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздан қалған жол екенін, үлкендердің алғысын алса, өскенде жақсы, бақытты жігіт болатынын баланың түсінігіне сай тілмен ұғынықты етіп айттым. Менің насихатымның текке кетпегенін інімнің ойланып қалған жүзінен байқадым. Айтарымды айтып болдым дегендей, ішкі бөлмеге кіріп кеттім. Артынша Жандос ізімнен келіп, «сонда жарамазанды қайтіп айтамыз?» деді.  Менің де күткенім осы еді, іске кірісіп кеттім. Сонымен, Жандос інім менің үгітіме көніп, ауыл тұрғындарына жарамазан айтып шығатын болды.


Кітапты ашып жіберіп, жарамазан батасының 4-5 нұсқасын белгілеп алдым да, күніне 5-6 мәрте жаттатқыздым. Жандос екі күнде баталарды жаттап алды. Мен жарамазан айтудың барлық ережелерін тәптіштей үйретіп бақтым.


Біздікі қазір көп жерлерде айтылып жүргендей «ақ тауық, қаратауық, қызылтауық... немесе алып шық, алып шық, қалтаңа салып шық...» деген сөздерінің мағынасы жоқ, жарамазанның құнын түсіретін дүниелер емес еді. Әкеміз әдебиетші, өзіміз кітап оқуға жақын болған соң ба, сөздің мән-мағынасына мән берген болармыз. «Жарамазан, жарамазан, Алла – құдай, би рамазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» деп басталып, тұрғындардың жастарына, жағдайларына қарай әлгі баталардың қайсысы, кімге айтылуы керек екенін інім құлағына құйып алды. Мәселен, үйленбей жүрген бойдақ балалары бар үйлерге ақжаулықты келін, қыздарына құтты орын тілеп, бастарыңызға бас қосылып, өрістеріңіз кеңісін деген тілектер айтылып, өлеңмен өрілсе, үлкен кісілерге денсаулық, он саулықтарының көбеюі  тіленеді. Мұндай тілектер қай ата-анаға ұнамасын, сый-сияпатын аяп қалмайды. Сонымен бірге отбасына береке-бірлік тілеу де батаның ішінде бар. Ол әр отбасына айтылады.


Жарамазаншыны сәндеу де менің мойнымда. Әкеміздің оюланған қара шапанын кигізіп, ақ орамалды белінен будым да, ішкі жағынан қолпылдаған жерлерін қайырып қойдым. Басына атамнан қалған қара бөрікті кигізіп, қолына ақ қамшыны ұстаттым. «Нағыз жарамазаншы осындай болу керек» деп, Жандосты ынталандырып қоямын. Бір барған үйге қайта бармаймыз. Бұл - нақ қай ай екені есімде жоқ, әйтеуір қыстың кезі еді. Іңірдегі ауызашардан соң әпкелі-інілі екеуміз «жорыққа» шығамыз.


Ең алдымен інім ауылдағы үлкен кемпірлердің бірі, көршіміз Айша әженің үйіне кірді. Айша әже ескінің көзі болғандықтан ешқашан (заманның өзгерістеріне де қарамастан) ораза, намазын қаза қылған кісі емес. Сондықтан ба, ол Жандосты бірден жылы қабылдап, үй іші әп-сәтте тынып қалды да, жарамазанды ынтамен тыңдап, рахметін айтып, батасын берді. Тек сол үйдің 4 жасар немересі Нүшәннің «ой, мынау Жандос қой» деген дауысы саңқ ете қалды. Нүшән шапандағы Жандостың пошымына сыңқылдап күліп жатыр. Айша әже болса;



  • Жарықтық жарамазанның айтылмағанына ширек ғасырдан асып кетіп еді, кім үйретсе де, дұрыс бастаған екенсің, енді мұны тастама, барлық үйге барып шық, - деп ризашылығын білдірді.


Әрине, мұның бәрін есіктің сыртынан тыңдап тұрамын. Шамасы кейуана ішкі бөлмеге кіріп кетті білем, арада аз-кем үнсіздік орнады. Жандос сыбағасын күтіп тұрса керек. «Қой, мен дәп-дәу болып, абыройсыздыққа  қалмай тұрғанда дымымды білдірмей шығып кетейін» дедім де, тысқа зып бердім. Інімді үйдің тасасында күтіп тұрмын. Қолында 10 теңге, жымыңдай маған ұсынып жатыр. Ол кезде 10 теңге дегеннің біршама құны бар еді. Сәл де болса ысылған інім екінші үйге кіргенімізде тосылмастан жарапазанды соға жөнелді. Өз міндетін орындап болған ініме Гүлзира апа дүрсе қоя берді: «Әй, ана әкеңнің әжептәуір шапанын жерге сүйретіп құрттың ғой». Мұндай сөгісті күтпесе керек, ол есіктен ытқи жөнелді. Мен тамды сырт айналып кеттім. Жандостың ізінен сол үйдің баласы жүгіріп шығып, қолына бір мата мен ақша ұсынды. Інімнің беті қызарып кетіпті. «Гүлзира апа ұрысты, мына шапанды кимеймін» деп киімді жұлқылап жатыр. Мен «ол шапансыз жарамазанның сәні болмайды, өй апалар айта береді, саған қатып жарасып тұр» деп тағы да көндірдім. Үй арасында үй жоқ құдайы көршіміз Мылтықбай көке де Жандосты жылы қарсы алды. «Әй, Марал! Әкел базарлығыңды» деп қауқылдап қалды. Қойшы, не керек, бір күнде 6-7 үйге дейін кіреміз.  Жарамазаннан түскен «табыстың» ішінде кәмпит-печенье, құрт, қауынқұрт, қауынқақтан бастап, орамал, мата, ер көйлек, ірілі-уақты ақшалар бар. Балаға тәтті-пәтті болс а жарайды, ал мата-саталарды мамамызға тапсырамыз. Ақша менің қоржыныма түседі.


«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, іңір түсе ауылдың иттерін абалатып, «жұмысымызға» тағы шығамыз. Кей иттер шабалана үрсе, енді бірі «а, сендерсің бе?» дегендей еріне екі-үш рет бәсең ғана «әуф-әуф» дейді де ұяларына кіріп кетеді. Сақтық үшін қолымызға дәу таяқ ұстап аламыз.  Кезекті аралауымызда Жандостың сыныптас қызының үйіне бардық. Теледидардың дауысы қатты шығып тұр еді. Мамасы жарамазаншыны көріп, барлық дыбысты өшірді. Осы кезде арғы бөлмеден шыға келген сыныптасы Жандосты көріп, сыңғырлай күліп жіберді. Шешесі оған зекіп, ішкі бөлмеге қуып жіберді. Бұл үйден де тиесілі сыбағасын алған Жандостың қабағы түсіп кеткен. Өзі өрттей қызарып кетіпті. «Айттым ғой, бұл үйге кірмей-ақ қояйық деп, ана қыз күліп жатыр, енді бәріне жаяды» деп бұртиды. «Ештеңе етпейді» деп оны тағы алға бастай жөнелдім. Екінші күнгі табысымыз кешегіден көптеу болды. Оны да қылдай бөлдік. Әке-шешеміз інімің жарамазан айтып жүргеніне қарсы болған жоқ. «Жақсы ғұрып қой» деді де қойды. Біз барған үйлердің ішінде жас отбасылардың кейбірі «не деп жатыр?» десе, кейбір адамдар «Әй, Жәкеңнің баласы не сұрап жүр?» деп таңырқай қарсы алғандары да болды.  «Ораза айында жарамазан айтып жүр едім» деп айтып берсе, «ал, енді мен не істеуім керек?» дейтін сабаздар да бар. Кішкентай болса да намысы бар інім «әумин, рахмет! – дейсіз» деп сыртқы есікке жалт бұрылады.  Жалпы, ауыл адамдары жақсы тілектерді тақпақтай айтып тұрған қаршадай балаға іштері жылып, қолдарына түскенін бере салатын.


Бір күні әдеттегідей тың-тыңдап тұрғанымда сыртқы есіктен сол үйдің туысы, ауылдасымыз Сағат ағайдың кіріп келмесі бар ма? Ұрлық жасаған адам сияқты сыртқы есікке ұмтыла бергенімде ағаймен соқтығысып қалдым. Сасқалақтап тұрып қалдым. «Ау, сен мұнда неғып жүрсің?» деген ағайдың дауысын естігенде бетім дуылдай ысып кетті. «Ж-Ж-Жандос» деп ішкі есік жақты нұсқадым да, үй жаққа қарай зуылдадым. Жарамазан айтқандағы үйлердің ішінде ең жоғары баға беріп, Жандосты абыройға бөлегені – 7 қыздың ата-анасы Мырзабек пен Роза және олардың аналары болды. Мырзабек көкенің әйелі жыл сайын, екі жылда қыз туатын. Олардың ұл аңсап жүргенін ауылдың бәрі біледі. Жандосқа бұл отбасына «қошқардай қос ұл берсін бесігіңе» деген батаны айту тапсырылды. Бата айтылып болғанда, іштен бірнеше адамның «Аумин!» деп жамырай дауыстағаны естілді. Қасиетті айда періштенің айтқан жақсы тілегін жарым ырысқа балаған үй иелері бір қой атады. Сол жылы жазда Роза апай Алланың рақымы түсіп, ұл тапты. Сонда жарамазан айтылған қыста аяғы ауыр екен ғой. Екі жылдан соң тағы да ұл туды. 7 қыз, 2 ұл.


Ауыл басшысының әйелі, мұғалима Райхан апай да жарамазанға риза болғаны жайында ауыл ішінде көп уақытқа дейін айтып жүрген. Оның разы болғанын қомақты ақша бергенінен білдік.


Жандостың жарамазан айтқанына құптағандар да, күлгендер де болды, ұстаздарының ішінде оқушысының бұл тірлігіне «намыстан жарыла жаздағандары» да кездесіпті. Мұнан кейінгі жылы ол ұялып, жарамазан айтпай қойды. Жақсы ғұрыптың шорт үзілгеніне «әттеген-ай» деп өкініш білдіргендер де болды. Кейінірек бұл ғұрып ауылда қайта жалғасыпты.


Қазір кей жарамазан айтушының беделі төмендеп кеткендей. Өйткені, көптеген балалар сөздерінің мағынасына үңіліп, ғұрыпты дұрыс түсіне бермейді. Бір барған үйіне қайта-қайта барып, зықысын шығарады. Бәлкім, олар басқа балалар шығар, бірақ, айтатындары бір тақпақ, бір сарын болғандықтан оны тыңдауға құлық болмайтыны белгілі. Қайсыбір тұрғындар үйіне кіргізіп, алғысын білдірмек түгілі, олардың даусын ести сала, балаларына «ештеңе жоқ деші, есікті ашпа» дейді. Құдды қайыршыға ұқсатып... Сондықтан балалар жарамазан айтудың да өз мәдениеті болатынын ескерулері керек.


Айгүл СҮНДЕТОВА


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.