• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Қазақ бидайының атасы Рахым Оразалиев оңтүстікте болды

Облыс әкімі Б.Атамқұлов ауыл шаруашылығы жерлерінің тұздануы мәселесіне қатысты өткен жолы кезекті мәжіліс өткізген. Облыс орталығындағы осы алқалы жиынға сонау алыстан ҚР ауыл шаруашылығы академиясының ғалымдары, докторлары мен профессорлары келіп қатысты. Маңызды кездесуден соң іле-шала бір топ ғалым ат басын Түлкібасқа бұрды.


Дәл қазір Келтемашат ауылының 1,5 мың гектар жерінде «Бес жал» өндірістік кооперативі еккен бидай егістігі жайқалып тұр. Биылғы ауа-райының қолайлы болуына орай егін басы көңіл толарлықтай бітік өскен екен. Астық алқабына келген қонақтар да мұны бірден аңғарды. Әсіресе, қазақ бидайының атасы атанған академик Рахым Оразалиев алдымен баданадай болған бидай дәнін қолымен уатып көріп, көңілі орнына түсті. Себебі, мұнда бидайдың «стекловидная-24» деп аталатын сорты егіледі, авторы Рахым ақсақалдың өзі.


Рахым Алмабекұлы бұған дейін шәкірттерімен бірге дәнді дақылдың 110 сортын ойлап тауып, тәжірибеде қолдана алған ғалым. Қазақ бидайының атасы атануы тегін емес, бұл күндері сексенге аяқ басса да адымы ширақ, сөздері нық ақсақалдың еңбегін көптеген мемлекеттер мойындаған. Рахаңның авторлық құқығындағы сорттарынан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан тұқымдық бидай алады, кеңесіне жүгінеді. Өзінің айтуы бойынша, осы күні 17 мемлекетте өзі ойлап тапқан сорттар қолданылады, соның ішінде  Оңтүстік Қазақстан аумағында он шақты бидай сорты өсіріледі.



  • Түлкібас ауданы Қазақстандағы бірден-бір малға да, егіске де жайлы


шұрайлы жер, түгін тартсаң май шығатын қасиеті бар. Жалғыз бидай ғана емес, мақсары, жоңышқаны молынан егіңіздер, тек бұған жердің сапасын жоғалтпай, күтіп ұстасаңыздар болғаны, - деді Р.Оразалиев. -  Біз ең бірінші кезекте бидай тұқым шаруашылығын қолға алуымыз керек, Өйткені, астықтан гөрі тұқымдық етіп нарыққа шығарған әлдеқайда пайдалырақ. Мәселен, Қазақстан жыл сайын 16 миллион тонна астық өндіріп жатыр, елдің ішіндегі халықтық тұтынуға соның сегіз миллионы жеткілікті, қалған сегізін экспорттап жатырмыз. Болашақта астық тұқымын өңдейтін, жалпы тұқым шаруашылығын жолға қоятын алып екі зауыт салынғалы тұр. Бұл жоба үкіметке ұсынылды.  


            Айта кетейік, жергілікті «Бес жал» өндірістік кооперативі де тұқым шаруашылығымен айналысады. Кооператив қожайыны Спабек Іңкарұлының қолынан іргелес жатқан төрт аудан Сайрам, Төле би, Бәйдібек, Түлкібас ауданының өзіндегілер арнайы келіп, бидайлық тұқым сатып алады. Былтыр 25 центнер өнім алған, биыл қырық центнерді межелеп отырмыз дегенді айтты. Алқапты қырық жылға жуық тәжірибесі бар агроном Сайлаубек Бастарбеков күндіз-түні қадағалап жүретінін байқадық. Ол Рахым ақсақалдың төпелетіп қойған сұрақтарына да кібіртіктемей жауап беріп тұрды.   


Профессор Оразалиев егісті көзімен барлай қарап: ««Жері жақсының елі жақсы» дейді. Еңбектеріңізді көріп тұрмын. Биыл 40 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндіктеріңіз бар» деді өндірістік кооператив басшысы Спабек Истанбекке. Егін басында Р.Оразалиевпен бірге академик Әуелбек Ізтайұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сыдық Досымбек, аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен де бірге болып, биылғы егістіктің жайы туралы әңгімеледі, шаруашылыққа қатысты мәселелерді ортаға салды.   


Құралай АХМЕТ


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.