• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Батамен дүниеге келген ұл

Шаңырақ басында әулеттің шежіресін айтатын, тарихын қозғап, немерелерінің құлағына құйып отыратын ата-әжелері болғанға не жетсін, шіркін. Келін тәрбиелеп ғана қоймай, ауыл-елге үлгі-өнеге болатын апаларымыз арамызда бар ғой. Солардың бірі он алты құрсақ көтерген, соның ішінде аман қалған он перзентін өсіріп ержеткізген «Алтын алқа» иегері Сағымкүл апа Сартаева.


Сағымкүл апа сексеннің сеңгіріне жетіп, бұл күнде шөбере сүйіп отыр. Бүгінгі заман адамдарына он баланы бағып-қағып жеткізу дегеніңіз аңызбен бірдей. Кешегі күнгі Батыр аналардың  ерлігін қазір баяндайтын болсаңыз, ертегі айтып отырған секілді көрінетін шығар... Әйтсе де, сол аналарымыз тұрмыстың тауқыметін кешіп, талай кедергілерге ұшыраған, сонда да болсын қажымай, талмай алға ұмтыла білген.  Балаларына түгел білім алғызып, аяқтандырып, ел қатарына қосқан. Осындай алтын құрсақты аналарымыздың әңгімесін, олардың ертеңгі күнге қалдырар өсиет-сөзін неге парықтап тыңдамасқа, әсіресе бүгінгі келіндері мен қыздарына үлгі етіп көрсетейік деген оймен біз Сағымкүл ананы алыстан іздеп бардық.


-Ата-бабадан келе жатқан қонысымыз Төле би ауданы, Сарқырама ауылы. Ұлы жүз Сиқымнан тарайтын Қусирақпыз, қарағым, -деп бастады әңгімесін апа. – 1953 жылы он жеті жасымда осы қара шаңыраққа келін болып түстім, міне, содан бері алпыс жылдан асты, түтінін түтетіп келемін. Балаларымның әкесі отағасым Жаңбырбай өзімнен екі жас үлкен, екеуміз бас қосқанда ол он тоғызда еді. Мен сол ауылда сауыншы болдым, он жеті жыл қатарынан дүкеннің қарауылы да болдым. Ол кезде жұмыс таңдамай істей беруші едік, шалым колхоздың комбайнын айдады, одан қалды қойма меңгерушісі қызметіне көшті. Екеуміз елмен қатар колхоздың қара жұмысына жегілдік, сөйте жүріп, дүниеге баланы бірінен-соң бірін алып келдік. Құдай етегіме он алты құрсақ берді, соның тіл-көзден аман қалғаны он перзент болды. Алла өзі алам дегенін алды, қалғаны қалды. Шетінеп кеткен балаларымның туу туралы метркесі әлі сандықта сақтаулы.


Сағымкүл апаның даусы дірілдеп кемсеңдеп кетті, мейлі жарты ғасыр өтсе де, уақыт бәрін емші дегенмен, ол ана ғой, періште сәбилерін жүрегінің бір бұрышына ұмытпай сақтап қойған. Апа әрі қарай сөзін сабақтады.



  • Тұңғыш қызымыз Ханзада өмірге келген соң, тәй-тәй басып жүре


бастағанда, ұзамай ұл бала босандым. Тіл-көз тиді ме, шетінеді, содан кейін де үш-төрт құрсақ көтеріп, шетінен ұл бола берді, бірақ бір жастан аса қылығы шыға бергенде ауырып шетінегіш болды. Бала тұрақтамады. Осылай арада бес-алты жыл уақыт өтті, бір жолы ауылға Самарқан жақтан Ишан ата деген атағы жер жарған емші келді. Бұл алпысыншы жылдардың басы еді. Атаға барып, халімді айттым, жылап тұрғанымды көріп, ата басу айтты. Бірнеше күн емдеп, кетерінде арабша жазылған  парақ ұстатты.


-Мына  дұғаны балаң өмірге келген соң, бесіктегі жастықтың астына қоясың. Бұл дұға барлық бәле-жала, тіл-көзден қорғап жүреді. Сен жылама, көп ұзамай ұлды боласың, атын Құланқадыр деп қой, одан кейін қыз бала дүниеге келеді, оның атын Назира деп қоярсың, үшіншісі де ұл болады, есімін Құлан-мұхиддин деп атайсың. Түбінде он балалы боласың, -деді ата.


Расында, сол әулие атаның айтқаны айдай келіп,  Сағымкүл апа аяғы ауырлайды, Құланқадырды өмірге аман-сау алып келеді. Одан соң Назирасы, Құлан-мұхиддині дүние есігін ашады. Өмір өз арнасына түседі. Іле-шала олардың інілері Бақберген, Бақтияр, Оразби, Бақыт туылады. Мәре-сәре болып жүргенде Нұрила есімді қыз бала босанып, содан сүт кенжелері Данияр, бәрін қосқанда жеті ұл және үш қыз бала, Сартаевтар отбасы он бала сүйеді. Уақыт ағынымен жылжи береді.


-Балаларым ержетіп, шаңырақ көтерер жасқа жеткенде ерім қайтыс болды. 1986 жылы елу екісінде кетті өмірден, мен елуімде қалдым. Ұлымыз Құланқадырдың ғана тойын көріп кетті.


Әрбір отбасының тарихы әрқилы. Сағымкүл апа ерім өмірден озды деп түңілмей, әрі қарай балаларын өзі жетілдірді. Қыздары Ханзада тұрмыс құрып, Құланқадыр келін әкеліп, тіршілік жалғасқандай болғанмен екеуі де перзенттері болмай қиналады. Алайда, Сағымкүл апа Алладан үмітін үзбейді. Одан кейін Назира, Құлан-мұхиддин, Бақберген үйленіп, бала-шағалы болады. Немере сүйіп, шаттыққа кенеліп отырғанмен, қызы Ханзадасы, одан кейінгі ұлы Құланқадырдың баласыз қиналып жүргені жүрегін тілгілейді. Сөйтіп жүргенде отызға қарағанда Құланқадыр қыз балалы болады. Үміт оты жанып, көңілдерінде қуаныш ұялаған жұбайлар жылдар жылжып, қырыққа таяп қалады. Нәресте исін тағы аңсайды.  


Сағымкүл апа бір сәт демін алып әңгімесін жалғады.


-Құланқадыр баяғы Ишан атаның өзі атын қойып кеткенін, сол атаның батасымен балалы болғанымды титтей кезінен естіп өскен соң, өзі қырыққа жақындағанда былай деген: «Апа, мен сол Ишан атаны іздеп көрейін. Өзі болмағанмен, жөн білетін көзі қалған шығар. Алдына барып жағдайымды айтайын... Бәлкім, жолым оңғарылып қалар». Ұлым Құланқадырдың мына сөзінен кейін ақ жол тілеп, шығарып салдым. Содан Өзбекстанның Самарқанына жетіп, Ишан атаны көрінген жұрттан жағалай сұрастыра бастайды. Біреу-міреуден естіп, әйтеуір атаның үйін табады. Сол алпысыншы жылдардың өзінде ақсақалды қария болып жүрген кісі, содан бері қырық жыл уақыт өткен екен, «елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан» деген, ата өмірден озып кетіпті. Өзінің жолын қызына беріп, бар білген ілімін соған үйретіп кеткен екен. Ишан атаның қызының өзі сол кезде біраз жасқа келген кемпір болыпты. Құланқадырдың әңгімесін тыңдай келіп: «Жақсы келдің, балам. Әкем Қазақстаннан мені үш адам іздеп келеді деп айтып отыратын. Қалған екі бауырың қайда?» деп сұрайды. Құланқадыр екі бауырының да бала-шағалы, тіршілігі дөңгеленіп отырғанын, қалған іні-қарындастарының барлығы үйлі-баранды, бәрі де тіршілік етіп, қолдары босамай қарбаласып жұмыста жүргенін айтады. Содан емші апа жөн сілтеп, «Ишан атаның жатқан жеріне барып, басына Құран бағыштап, атап әкелген қойыңды сойып, сол жердегі тұрғындарға таратып бер. Сөйтіп атаңның батасын аларсың. Бірақ, әкелген қойың, өз маңдай тер, табан ақыңмен табылған болсын» деп ескертеді. Құланқадыр қой алып, атаның басына барды. Сол жерде Құран оқытып, өзінің еңбегімен тапқан қойдың етін мұқтаждарға таратып берген. Құланқадыр зираттың басында екі көзіне ерік беріп жылап, Ишан атаға мұңын ақтарған екен: «Ата, атымды өзіңіз қойып едіңіз. Өзіңіздің батаңызбен дүние есігін аштым. Бүгінде сол балаңыз ізін жалғайтын перзенттен қысылып жүр. Өзіңіздің алдыңызға келіп тұрмын. Қолдай көріңіз».


Құланқадыр ауылға келген соң, екі үш ай өтпей келіншегі жүкті болып, ұл босанды. Сағымкүл апаның да, ұлы мен келіннің де, ізіне ерген бауырларының да қуаныштарында шек болған жоқ. Қыздың аты Айнұр, ұлдың аты Бекнұр. Бекнұрдың өзі бұл күндері өсіп қалды, енді бір-екі жылда мектеп бітіргелі жүр. Ал, қызы Ханзада ұлды болды, есімі Тимур.  Өкінішке қарай, Ханзада қырық сегіз жасында жүрегі сыр беріп ерте өмірден кетті. Қызының жастай кеткені әрине анасының қабырғасын қайыстырды. Әйтсе де Сағымкүл апа сынбады. Ізінде қалған немересі Тимур бар, амандығын күндіз-түні тілеп отыр.


-Балаларым ішкілік пен шылымқорлықтан алыс болды. Ұлдарымның барлығы әскерге барған. Бақберген Семей полигонында әскерде қызмет етті. Келіндеріммен бет қаратып ұрысқан емеспін, олар менің бетімнен алған емес. Бір-бірімен сыйласып, бәрі де өз күндерін көріп жүр. Құлан-мұхиддиннен үш, Назирадан үш, Бақбергеннен үш, Оразбиден төрт, Бақыттан екі, Нұриладан төрт, Даниярдан екі немерем бар, - дейді. Немерелерін айтқанда апаның жүзі нұрланып, жадырап кетті.


Айта берсе, әңгімесі таусылмайтын, ақыл кеніне толы Сағымкүл апа осылай немерелерінің ортасында отырғанын бақыт көреді. Ендеше, берекелі отбасының татулығы арта берсін, апаның немерелері-шөбелері аман-есен көбейіп, шаттыққа тола берсін деп тілейміз.


Құралай АХМЕТ


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.