• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Соңғы үлгідегі Студенттер Үйі - өз үйіңнен кем емес

Сексен жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының өзге оқу орындарынан шоқтығы биік. Себебі, оны кешегі құрылған жоғары оқу орындарымен салыстыра  алмайсыз. Айтулы білім ордасының сан жылғы тәжірибесі, қабырғасынан түлеп ұшқан білікті мамандар, оларға ұстаздық еткен профессор ғалымдардың еселі еңбегі, жіпке тізіп айтарлықтай жетістіктері, осының барлығы жылдар өткен сайын заман көшінен қалмай, оза шауып келе жатқандықтарын айғақтайды.  


Ең алдымен көзге түскені – тазалық...


Институт базасы кең, студенттердің жағдайын жасау үшін және жастардың тиянақты білім алуы мақсатында осында ашылған түрлі үйірмелер, шеберханалар, компьютерлермен жабдықталған аудиториялар, көркем спорт залдарын көргенде шынайы риза боласыз. Осыдан бір жыл бұрын ОҚМПИ бас ғимаратының жанынан он екі қабаттық зәулім Студенттер үйі салынды. Республикалық телеарналар, басылымдар жарыса жазғанын білеміз. Өйткені, мұндай заманауи Студенттер үйі елімізде кемде-кем. Неге десеңіз, институтта білім алып жүрген жастардың ешқайда алаңдамай, тек сабаққа ден қоюына барынша мол мүмкіндіктер жасалған.


Жолымыз түсіп, әсем ғимараттың ішіне бас сұққанымызда мұнда ә дегеннен көзге ілінгені мұнтаздай тазалығы, әрбір бұйымның өз орнын тауып тұруы, кіріп келгенде жанға жайлы жылылық есіп тұрғаны. Бізді Студенттер үйінің директоры Гауһар Абуханқызы жайдары қарсы алды. Аз-кем әңгімеден соң, «сөзден гөрі көзбен көрген жөн, студенттер үйінің шын мәнінде қандай екенінен таныс болыңыздар» дегендей жол бастай жөнелді.   


Еденде аяқ асты төселген кілемнің өзі Оңтүстік Қазақстанда тоқылып жатқан қазақы оюлы кілемдер. Нарықта кілем түрі толып-ақ жатыр,соның ішінде арнайы өзіміздің отандық өнімдерді жерге таңдап жайғаны, ішімізді жылыта түсті. Мұның өзі ұжымдағы басшылықтың елжанды патриоттығын білдірмей ме?   


                                          Әкесіндей бола білген жан


Басшылық демекші, институт ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев өзі бастап осындағы жиһаздарды, оқу үстелдерін таңдауға атсалысқан. Бөлме ішіндегі жиһаздарға әдейі ашық түсті, сапалысын таңдапты. Мұндай түстер адамды белсенді, өміршең, ынталы болуға жетелейді. Әрбір ұстазды дайын психолог десе болады. Жастардың өмірге, оқуға деген құмарлығын барынша арттырғысы келген оң ниеттері айқын байқалып тұр. Тіпті, студенттер баспанасын бұрынғыдай жалпақ тілмен жатақхана деп атағысы келмей, Студенттер үйі деп атауы, әрбір жасқа өз перзентіндей әкелік қамқорлық жасағаны Оңалбай  Аяшұлының қоғам алдында болашақ үшін аса жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады.



  • Студенттер үйі 500 орындық. Қазір мұнда мемлекеттік грант иелері, қоғамдық істерге белсене қатысатындар және оқу үздіктері орналасқан, - дейді директор Гауһар Абуханқызы. – Жыл сайын комиссия түзіліп, оқу жағынан кім жоғары көрсеткішке ие болады, сол студенттер аталған комиссияның қорытындысы бойынша студенттер үйіне жолдама ала алады.


Жаңадан бой көтерген студенттер үйінде тек қыздар жағы ғана орналасқан. Ал, жігіттер институттың басқа корпустарындағы жатақханаларға қоныстанған. Яғни, айтып отырған Студенттер үйінен бөлек институтта басқа екі жатақхана бар. Студенттер айына екі мың үш жүз теңге төлейді. Жылына жиырма үш мың теңге деген сөз. Мұндай арзан төлемақы әжептәуір көмек. Қазір қаладағы пәтер жалдау құны қымбат екені белгілі. Ата-анасы алыста тұратындардың қалтасына салмақ көп түседі. Сондықтан қай студент сабақты жақсы оқиды, соны орналастырғаны бір жағы студенттер үшін стимул. Жақсы оқитын құрбыларының жайлы қонысқа орналасқаны басқа студенттерді де қызықтыра түседі, әрі «мен де белсенді болсам» деген ұмтылыспен, оқуға деген талпынысын ілгерілетпей ме?


Енді сабақ оқымай көріңіз...


Айтпақшы, студенттерден бөлек мұнда ата-аналардың да жағдайы қарастырылған. Мәселен, қай ата-ана баласының жатын орнын көргісі келмек болса, студенттік өмірдегі тыныс-тіршілігімен танысамын десе, он екінші қабатта арнайы дайындалған қонақжайларға орналасуына болады. Яғни, алыстан жол жүріп, баласын сағынып іздеп келген ата-ана осындағы қонақжайда тынығып, студент қызының хал-ахуалын біле алады.


Одан бөлек әрбір қабатта асхана, кір жуатын машинка орналасқан. Асханаларда тоңазытқыш, ас пісіретін жоғары қуатты пештер, дайын тамақты ысытатын микротолқынды пештер жайғасқан. Әрбір бөлмеде жуынатын ванна, дәретхана өз алдына бар. Киімдері мен кітаптарын, ноутбуктарын жайғастыратын шкафтар, сөрелер, орындықтарды да ұмытпаған. Мұндағы төсек-жаймаларды екі апта сайын ауыстырып, жуып әкеліп береді. Бұл жағы да қарастырылғаны бізді тіпті таңғалдырды. Яғни, осыдан 15-20 жыл бұрынғы студенттер секілді жуынатын бөлмедегі жалғыз ваннаға телміріп, ұзын кезек күтіп тұрмайсыз, немесе жеке ваннасы бар туысының үйін жағалау деген мүлде жоқ. Төсек орныңа дейін айына екі рет жаңалап беріп отырған соң, студентке тек сабақ оқудан басқа ештеңе қалмайды. Алаңдамай сабақ оқуға барлық жағдай жасалған деген осы...


Он бес үйірме жұмыс істейді


Сабақтан тыс студент уақытын тиімді пайдалану үшін осында он бес үйірме ашылған.  Мәселен, компьютер курсы. Қазіргі студент, келешек маман. Ертең диплом алған соң, түйіндемеңді алып, жұмыс іздей бастасаң, әрине жақсы маман болсаң ғана жұмысқа қабылдайды. Мамандығыңнан бөлек қандай өнерің, талантың бар екеніне де мән береді. Сол кезде компьютердің құлағында ойнайтын, ұжымдағы шығармашылық кештерді де жүргізе алатын, музыкалық аспаптарды тартып, тігін тігетін, істі ұйымдастыра білетін бесаспап маман болсаң, мінекей, тамаша емес пе? Сондықтан институттағы студенттер өздері үшін осындағы үйірмелерге жазылуға асық. Әрине, үйірмеде барлығы тегін оқиды. Домбырадан Роза Сырайлова сабақ береді, вокалдан Дархан Джумашев, би үйірмесінен Қуат Таукеев, айтыс өнерінен Біржан Байтуов сабақ береді екен. Бұдан өзге көңілді тапқырлар клубы үйірмесі жұмыс істейді, ол жерде Медет Досханаев еңбек етеді, тігін үйірмесінен Марат Ерімбетов, ұлттық аспаптар жасау бойынша Самат Утебулатов, Сәндік өнер және гобелен тоқудан Меруерт Әбдеш, бейнелеу өнерінен Алмас Калыков, фольклорлық аспаптардан Айман Қарсыбаева, дефиледен Марат Ерімбетов, эстрададан ҚР мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева ұстаздық етеді. Фото және видео студиясы да жұмыс істейді. Мұнда белгілі фотограф Жәнібек Әбуов жұмыс істейді. Оқу ордасында болып жатқан барлық жаңалықтарды қалт жібермей суретке түсіріп, мұрағатқа сақтайды.


Сонымен бірге Студенттер үйінде Нұрай Жақсыбай есімді тәрбиеші бар, ол студенттердің тәрбиесіне және тәртібіне қарайласады. Ине егу бөлмесі, кең оқу залы, теледидар көретін бөлме барлығы жарық, айнадай жарқыраған таза.


Институттың жақсы атын шығарып, жүлделі орындар алып келуіне мұндағы «Әдебиет және өнер бірлестігінің» де еңбегі өте зор. «Сыр сандық» бірлестігін алып жүрген Ақерке былай дейді: «Үйірмеге қатысқан үш жылдан бері жастарымыз жақсы қырынан көрініп келеді. Поэзия әлемінен қалам тербеген талантты ұл-қыздарымыз бәйгемен оралып жатады. Биыл Оралхан Бөкей оқуларынан студентіміз Мақпал Әбсаттар бірінші орын алды. Қазақ хандығының 550 жылдығында да, басқа да түрлі мүшәйра, байқаулардан да құр алақан қалып жатқан жоқпыз. Мұның барлығы жастардың қабілеттілігі, алғырлығы». Қазір бірлестікте 44 студент бар.


Үш жарым мың кітап қоры бар кітапхана, көрме залы, ғаламтормен жабдықталған компьютер залы, «Бес институтционалды реформаны жүзеге асыру бағытындағы 10 нақты қадам» орталығы бар. Суденттер үйіндегі күзет жағы мығым. Бұл жерге жөн-жосықсыз адам кіріп-шыға бермейді.


Студенттер үйін егжей-тегжейді таныстырған Гауһар Камалова: «1992 жылдан бері ұжыммен таныспын. Содан бері айтулы оқу орнының қабырғасында еңбек етіп келемін» дейді. Ширек ғасыр педагогика және ғылым саласында талмай еңбек еткен Гауһардың тәжірибесі ұшан-теңіз. Әрдайым студенттер ортасында жүрген соң ба Гауһар Абуханқызы белсенді, жас, қандай да бір ауырлыққа берілмеймін қайратты жан секілді көрінді. Ұстазға тән ізеттілік байқалады, әрбір студентке «балам» деп еміреніп сөйлегені жанының жылылығын байқатады. «Бүгін студент атанғанмен, ол кеше ғана үйінде еркелеп өскен бала» дейді ол. Сондықтан баласындай қарайды.


Гауһар Абуханқызының қызмет бөлмесіндегі сан алуан әсем гүлдер де ерекше көзге түсті. Гүлдерді аялап қарайды екен. Осында бүр жарып өсіп тұрған гүлдер шетінен әдемі, әрі жинақы. Қыз деген гүл ғой. Мұндағы күтіп-бапталған гүлдер, басшылық тарапынан бар жағдайын жасап қамқорлық танытып отырған қыздар... бұлар бір-біріне ұқсас секілді көрініп кетті. Қашанда қыз баласын маңдайынан сипап, олардың болашағын ойлағанымыз – ұлттың қамын ойлағанымыз.   


Қыздардың тәрбиесіне қарағанымыз – ұлттық келешегін қамдағанымыз! Үлкен ұжымнан осыны ұқтық.


Құралай АХМЕТ


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.