• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

Мемлекеттік қызмет көрсету – халыққа бағдарлануы тиіс!

Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Ел Президенті  жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында  тұрғын­дарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру  маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді. Соған сәйкес, 2013 жылдың 15 сәуірінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды. Қабылданған Заң  талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, қызмет алушылар және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік  қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен  қанағаттанбаған жағдайда, шағым беру тәртібіне қатысты нормалар Заңда енгізілген.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау және оны бағалау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық департаменттеріне жүктелген.


Осы белгіленген құзырет шегінде Департамент тарапынан жүргізілетін  тексерулер барысында ең көп кездесетін бұзушылықтар ол қызмет алушылардан артық құжаттар талап ету, құжат толық болмасада қызмет көрсету, қызмет көрсету тәртібін бұзу, қызмет көрсету мерзімін сақтамау, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, қызмет алушыларға жағдайлар жасамау сияқты бұзушылықтар.


Қазіргі таңда, Қазақстан Республи­касында мемлекеттік қызметтер көрсе­ту саласы белсенді түрде дамуда жә­не қоғам өмірінде маңызды рольге ие екенін атап өту қажет. Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.
Заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Елбасы өз Жолдауларында мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру, Электронды үкімет порталын қол­­да­нушыларды көбейту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде тапсырма жүктеді. Мемлекет Басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен әкімшілік кедергілердің азаю­­ына негіз болады деп есептеймін. Осыған байланысты, Департаменттің бастамасымен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне және мектептің инофрматика пәні мұғалімдеріне Е-gov электронды үкімет порталымен жұмыс жасау дағдыларын үйрету үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері оқыту жүргізді.


Сонымен қатар, Департамент тарапынан Шымкент қаласының  жаңадан құрылған мемлекеттік орган басшыларына семинар өткізілді. Семинарда мемлекеттік орган басшыларына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қандай бағыттарда жұмыстарды атқару керектігі түсіндірілді.


Яғни, қыз­мет алушы мемлекеттік қызметтерді Е-gov электронды үкімет порталы арқылы алып, қызмет берушімен тікелей байланысты болдырмау болып  табылады. Ол өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге септігін тигізері анық.


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қыз­мет көрсету - бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсет­кіші» - деп атап өткен. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс.


        


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік


қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа


қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы


бойынша департаменті басшысының


орынбасары


А. А. Шілманов


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.