• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

ЖАМБЫЛДА ТАУ-ШАҢҒЫ БАЗАСЫ САЛЫНАДЫ

 Туризм әлемдік экономикадағы қарқынды саланың біріне жатады. Мұнай шикізатының кейінгі мемлекетке қыруар қаржы түсіретін туризм – дүниежүзінде көптеген елдерде экономиканың негізгі рычағы қызметін атқарып келеді. Қазақстанда соңғы он жылдықта шетел және отандық инвестициялардың тартылуымен ішкі туризмге ойдағыдай көңіл бөліне бастады. Осындай нақты жобалар Жамбыл облысында да қолға алынбақ.    


 Алдағы уақытта облыс көлемінде 5,4 млрд. теңгені құрайтын көптеген туристік нысандар құрылысы басталады деп күтілуде. Бұл туралы  Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова айтты. Жобаға сәйкес 5 туристік аймақ құрылып, олардың ішінде 5 қонақ үй, 5 мейрамхана, ауқымды тау-шаңғы базасы, 2 киіз үй қалашығы енгізілген. Атап айтқанда, олар  Жуалы ауданы аумағындағы «Қара алма» тау-шаңғы базасы, Шахристан аумағындағы облыстың негізгі туристік нысандарын көрсетуге арналған «Show-room»-ы бар «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы, «Төрткөл» керуен сарайындағы «Қазақ ауылы» тарихи-мәдени орталығы, «Айша Бибі» және «Қарахан» кесенелері мен «Әулие Бастау» сауықтыру орны кіретін тарихи-археологиялық кешені», «Ақыртас» сарай кешені.  Сонымен қатар, облыстың 33 туристік нысаны қамтылған 12 туристік маршрут әзірленген.      


Атап айтар болсақ, «Қара алма» тау-шаңғысы базасы Талас Алатауының 3200 метр биіктігінде орналасқан, бүгінгі күндері арнайы 274 га жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газификациялау мен су құбырын жүргізу инженерлік коммуникациялары өтетін жерлері анықталып, 7 шақырым автожол құрылысы жүргізілді. Жоба құны 3 млрд. 355 млн. теңгені құрайды. Мұнда спорттық сауықтыру, мәдени-сауықтық қызметтер ұсынылатындықтан келуші туристердің саны қырық бес мыңға дейін артады деген жоспар бар.  Мұнымен қатар, тағы айта кетерлігі, алдағы уақытта келбеті көркем Жамбыл өңірінің туристік мүмкіндіктерді дамыту аясында жобалық құны 92 млн. теңгені құрайтын «Баласағұн» қалашығына, жобалық құны 168 млн. теңгені құрайтын «Тау қымыз» (5,5 км.) емдік-сауықтыру орталығы» туристік кешеніне арналған көлік жолдары салынбақ. Аталған жобалардың іске асырылуы туристердің үлкен легіне туристік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, тарихи-мәдени, медициналық және зиярат етушілер туризм түрлерінің дамуына өз әсерін тигізеді.


Фото:


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.