• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Шағын несие беру орталығы құрылмақ

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында мыңға тарта жас арнайы курстарды оқуда. Олардың тең жартысы өз жобалары бойынша шағын несие алуға дайын. Бұл туралы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ АҚ-ның басқарма төрағасы Н. Шәрбиев мәлімдеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта өңірде шағын несие беру орталығы құрылатын болады. Бұл бастама облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей басшылығымен қолға алынғалы отыр. Яғни, орталық өз кәсібін ашуға ынталы талапты жандарға қолдау көрсетеді, бұл орайда облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсара түспек. Қазіргі таңда өңірде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кезекте 3700 адам тұр, олардың көбі өз кәсібін бастауға белсенді. Аталған орталық осындай өз ісімен айналысқысы келетін азаматтарды қолжетімді шағын несиемен қамтитын болады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерді игі жобаға атсалысуға тарту көзделуде. Олар барлығы 51 миллион теңге құюы керек. Сонымен қатар, Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 49 миллион теңге қаржы салады. Осылайша 100 миллион теңге жиналғанда, мекеме жалпы 1 миллиард теңге көлемінде шағын несиелер бере алады. Бұл көрсеткішті үш жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазір мекемені тіркеу жұмыстары жүргізілуде. 
Айта кету керек, мекеме тіркелгеннен кейін арнайы бір ғимаратқа ыңғайластырылып, оншақты штаттық деңгейде құрылып, мамандар өз жұмыстарымен жүйелі түрде айналыспақ. Құжаттық жұмыстар толығымен аяқталғаннан соң, ұсыныс бойынша несиелендіру жұмыстары келер жылдан бастау алады. Шағын несиені әр адам 19 миллион теңгеге дейін ала алады. Талаптар мен шарттар ұлттық банктің бекіткен ережесіне сай іске асырылады. Несие шарттары тек қаржылай ғана емес, лизингке техника алуға да мүмкіндік береді.


Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртінші бастамасында шағын несие беруді көбейту туралы айтқаны белгілі. Міне, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылатын несие беру орталығының жұмыстары халық үшін тиімді болатынына сенім білдіреміз.   


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.