• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Түрік инвесторлары жаңа зауыттың іргесін қаламақ

   Экономиканы әртараптандырудың аясында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Тоғызкент ауылдық округі маңынан кальцийленген сода шығаратын зауыт салынбақ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында Анкара қаласында өткен Қазақстан-Түркия инвестициялық форумында мәлім болды. Форумның басты мақсаты - түрік инвесторларын Қазақстан экономикасымен, инвестициялық ахуалмен таныстыру, инвестиция тартуға және екі елдік іскерлік ортасы арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға байланысты мемлекеттік бағдарламалар ұсыну, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық болашағын талқылау үшін екі мемлекеттік кәсіпкерлері үшін алаң ұсыну. Халықаралық форумда жалпы құны 1,7 млрд АҚШ долларынан асатын 22 екіжақты коммерцииялық құжатқа қол қойылған. Жалпы Түркия мен Қазақстан – экономикалық алыс-берісі жолға қойылған, стратегиялық саяси ынтымақтастықтағы серіктес елдер. Екі ел арасындағы сауда-саттық тәуелсіздік алған жылдардан бері дамып жалғасып келеді.


Арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған басқосуға Қазақстанның үкімет өкілдері мен жетекші компания басшылары қатысты. Іскер топ өкілдері қос тарапқа да пайда әкелетін тиімді жобаларды талқылады. Соның бірі – Жамбыл облысы әкімдігі мен «Иылдырым Холдинг» компаниясының арасындағы келісімшарт. Қазіргі кезде бұл компанияның Қазақстанда бизнес жүргізуде тәжірибесі бар деуге де болады. Төрт құрлықта жұмыс істейтін ірі түрік холдингі Жамбыл жерінде енді кальцийленген сода өндіретін инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Жалпы құны 220 млн АҚШ долларын құрайтын өндіріс орыны Сарысу ауданының Тоғызкент ауылдық округінде салынады. Аталған компания өкілдері осы жылдың маусым айынан бері белгіленген аймақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Зауыттың құрылысы келер жылдың соңына қарай басталса, 2021 жылдың бірінші жартысында толық пайдалануға берілмек. Жоба сəтті жүзеге асса, 300 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Зауыт толық қуатымен жұмыс істесе, жылына шамамен 400 мың тонна кальцийленген сода өндіріледі деп жоспарланған. Нəтижесінде, импортқа тәуелділік төмендеп, ішкі және сыртқы нарық та қамтылады. Қорыта айтқанда, бірлескен жобалар – екі елдің де әлеуметтік экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.