• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸374.64

Латын әліпбиінен диктант жазу акциясы ұйымдастырылды

Республикамызда «Тілдер мерекесі» жыл сайын жоғары деңгейде аталып өтеді. Ата заңымызда қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі ресми қарым-қатынас тілі болып жарияланып, елімізде «Тіл туралы» арнайы заң қабылданғаннан бері тілдерді дамыту жөнінде көптеген игілікті істер атқарылды. Бұл заң мемлекеттік және ресми тілдермен бірге Қазақстанды мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың тілдерін дамытуға, ол үшін барлық жағдайларды жасауға кепілдік береді. Сондықтан бүгінде елімізде ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, тілдерін дамыту мақсатымен Қазақстан Халқы ассамблеясы, оның аясында жүздеген ұлттың мәдени орталықтары құрылғаны белгілі. Осы орталықтардың бәрі де өз мәдениеті мен тілдерін өрістетумен бірге Президентіміздің ұлтаралық бірлік пен татулықты сақтау жөніндегі сара саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда тұрақтылықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Жамбыл облыстық тілдерді дамыту орталығы осы бағытта биыл тілге қатысты 38 түрлі іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, «Ұшқыр ой», «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын» байқаулары мен диктант жазу акциясы мәнді де мағыналы жоғары деңгейде өтті. Мәселен, «Ұшқыр ой» байқауында зиялы қауым өкілдері тіл мәселесі айналасындағы өздерінің сауалдарын ортаға талқыға салып, бұл сауалдарға облыс тұрғындары өз пікірлерін білдірді. Көзқарастарын жеткізді. Сол пікірлердің ішіндегі ең маңызды проблемаларды тоқталған, ұшқыр ой айта білген азаматтар таңдалып алынып, ой жүйріктері атанды. Ал, «Жаңылдырсаң да жаңылмаймын» байқауында кем дегенде үш жаңылтпашты мүдірмей үш рет қайталап шығу керек. Күрделі жаңылтпаштарды мүдірмей айтуға өзге ұлт өкілдерінің арасынан қазақ тілін меңгерген 30-дан аса жас қатысып, бақ сынады. Байқауда өзге ұлт өкілдері өздерінің мемлекеттік тілді жақсы меңгергендіктерін және қазақ тілінде қалай сөйлесе де жаңылмайтындықтарын көрсетті, қара үзіп озық шыққандар жеңімпаз болып табылды. Сонымен қатар, диктант жазу акциясы қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, алаштың бес арысының бірі, ұстаз, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналды. Өйткені, ғалымның осы айтулы күні, Тіл мерекесімен тұспа-тұс келуіне орай,  жыл сайын атап өту жоспарланды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпібинде диктант жазу аякциясы бойынша 10 азамат іріктелініп алынды. Ендігі жерде қос қуанышты, соның ішінде  ұлт ұстазының төл мерекесін де ұлықтау, ұрпаққа ғибрат етіп көрсету, ұйымдастырушылардың назарына ілікті. Алдағы уақытта тіл додасының ауқымын кеңейту, ұлттар  достастығын нығайтуда түрлі жобаларды қолға алуды мақсат ететінін облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлібекова айтып өтті.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.