• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Профессор Мекемтас Мырзахметұлымен кездесті

Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлымен  қауышу, әңгімелесу  Жамбыл ауданы, Айша-бибі ауылының мектеп  оқушыларына бұйырды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен кездесу барысында  білім алушылар ұстаздың шығармашылығымен танысты. Мекемтас Мырзахметұлы – абайтанушы, бауыржантанушы, яссауитанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және халықаралық "Түрік еліне қызмет" сыйлығының, Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің, "Астана 10 жылдығы" медалінің, Б.Момышұлына арналған "Құрмет белгісінің", дүниежүзілік қазақ тілі қоғамының "Ана тілі" белгісінің", "ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін белгісінің" иегері, "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.


 Ол  Абай мұрасының шығыспен байланысын терең зерттеген, «Абай» энциклопедиясы мен М.Әуезовтың 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға ат салысқан ғалым.  Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып, алғы сөздерін жазған. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, ғалымдарға жол көрсеткен Мекемтас Мырзахметұлы оқушыларға естеліктерін, тәжірибесін әңгімелеп, ғылым мен білімнің маңыздылығын айтып түсіндірді. Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы  жазушымен кездесуге ерекше дайындалды. Абайдың өмірбаянынан сыр шертіп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының кітабынан үзінді келтіріп, әндерінен шашу шашты.  Балалар ғалым тұлғаға сауалдарын қарша боратып, оның өмір жолы мен зерттеу еңбектеріне қызығушылықпен қараса, өз кезегiнде Мекемтас Мырзахметұлы қазiргi қоғам жайында, елiмiздiң өткенi мен бүгiнi жайлы ғибратты әңгiмелер айтты. Айтулы тұлғаның шығармаларын жас ұрпаққа дәрiптеу, еңбектерiн насихаттауға арналған кештi мектеп директоры қорытындылады. Айша-бибі орта мектебінің мұғалімдері бұл кездесу шәкірттерге әдебиет пен ғылымға деген құштарлығын арттырып қана қоймай, алдағы уақытта маман таңдауда да өз септігін тигізеді деген ойда. 


 


 


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.