• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸374.64

Кәсіптік-техникалық білім беру – келешек кепілі

Елбасының Жолдауында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруымыз керектігі айтылды. Бұл жаңашылдықтар мектептен бастап, орта және жоғары орындарын қамтымақ. Елбасы, әсіресе, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңартуға аса мән беруде. Осы орайда, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жалғасын табатын болады. Қазіргі таңда Жамбыл облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 26 мыңнан аса жастар білім алуда. Бұл туралы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Қолданбалы бакалавриатты енгізу ерекшеліктері: мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында өткен аймақтық семинар-практикумда айтылды.


Білім дәрежесіне қатысты әлемде әуелден қалыптасқан 8 көрсеткіш бар. Яғни қарапайым мектептегі, орта мектептегі білімнен бастап, аспиранттық оқу деңгейіне дейінгі аралық. Солардың арасында қолданбалы бакалавриат 5-сатыда тұруы керек. Яғни ол – кәсіптік білімнен сәл жоғары, ал академиялық бакалаврдан сәл төмен тұратын деңгей. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұғым біздің елде бұрын-соңды болмады. Мамандар қазір осы олқылықтың орнын толтыруға білек сыбана кірісті. Қолданбалы бакалавриат бойынша студенттер колледже 3-4 жыл оқиды. Осы аралықта білімі мен біліктілігі жоғары жұмысшы мамандығын алады әрі институттар мен университтерді жағалаудың қажеті болмайды. Бұл тәжірибе Кәрі құрлық елдерінде кеңінен тараған. ТМД аясында Ресейде ғана бар. Осы көштен қалмау үшін Қазақстан да қолданысқа енгізгелі жатыр. Отандық колледжерге оқу бағдарламаларымен дайындаумен айналысатын «Кәсіпқор» холдингі мамандары тың бастама төңірегінде 2 жылдай еңбектенген.


Өңірдегі студенттерді кәсіптік техникалық бағытта оқытатын колледждің қабырғасында болған жиында «қолданбалы бакалавриат» бағдарламасын енгізудегі негізгі тетіктерді игеру, 2016 жылы эксперименталды түрде жүргізілген әдістермен жалпылама бөлісу, біліктілік курстарын көбейту бағыттары бойынша нақты ұсыныстар айтылды. «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ кәсіптік білім беру орталығының басшысы Нұрдәулет Жанайдаров қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасын іске асыру жөнінде пікір білдірді.


– Жоғары колледждерде қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын іске асыру кәсіптік техникалық білімді жетілдірудің оңтайлы тәсілі болып табылады. Бұл деңгейге қол жеткізген маманның бірнеше біліктілікті меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар. Қарапайым тілмен айтқанда, маман кіші инженерлік қызметтерді атқаратын дәрежеге жетеді. Осы мақсатта біз жыл бойы біліктілік арттыру курстары мен аймақтарда жинақталған тәжірибемен бөлісу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Бұл семинар осындай бастамалардың аясында ұйымдастырылып отыр, – деді Нұрдәулет Жанайдаров.


Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов өңірдегі кәсіптік техникалық білім беру саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.  Семинарға Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы, Қостанай қалаларынан кәсіптік білім беру саласының мамандары арнайы қатысты.






Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.