• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

«7-20-25» бағдарламасы бойынша насихат жұмыстары жүргізілуде

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылдың наурызында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әсіресе, студенттерді жатақханамен қамту жағы қалай? Міне, осы мақсатта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес «7-20-25» бағдарламасы бойынша насихат жұмыстары жүргізілуде. Шараға арнайы  жұмыс тобы құрылып, жұртшылыққа баспаналы болудың қыр-сырын түсіндірді.


Жобаның басты мақсаты баспанамен қамтамасыз ету. Осыған орай,Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер өкілдерінен топ құрылып, олар Тараз қаласындағы «Болашақ» медициналық колледж қызметкерлеріне бағдарлама мән-жайымен таныстырды. Бағдарламаға тұрақты жалақысы бар, жеке баспанасы мен ипотекалық несиесі жоқ кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал несие алу үшін серіктес банктің біріне барып қажетті құжат тапсыру қажет. Егер банк келісім берсе, баспана бағасының 20 пайыз бастапқы жарнасы төленуі тиіс. Тек сол жағдайда ғана несиені жылына 7 пайызбен 25 жылға беру жөнінде келісімшарт жасалады.


Қазіргі таңда Жамбыл облысында аталған бағдарламаны 6 серіктес банк жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Сондықтан,  баспана алуға ниетті тұрғындар банк филиалдарына барып, қажетті кеңес алуларына болады.


Жамбыл облысының экономикасында құрылыс көлемі 59,7 миллиард теңгені құрап, 8,2 пайызға өсті. Қазір облыс орталығында, әсіресе, тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы тікелей әсер етіп отыр. Осының арқасында 7-20-25 жобасы жүйелі жүзеге асырыла бастады. Жыл басынан бері 10 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, тағы 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалы берген мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін аймақта «7-20-25» бағдарламасы бойынша жалпы құны 148 млн теңгенің 14 өтініші түскен. Оның 10 мақұлданған. Қалғандарының құжаты рәсімделуде. Осы жылы бас-аяғы 430 мың шаршы метрден астам тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Дайын болған үйлерді шетінен осы бағдарламамен беру жоспарда. 8 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлердің 311 мың шаршы метрден астамы пәтер кезегіндегілер мен мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына тапсырылып қойған. Қазір 15-мөлтек ауданда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар Сүлейменов көшесінің бойында 922 жеке тұрғын үйлер салынуда. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылып, 1000-ға тарта адам еңбекпен қамтылған. Құрылысқа қажетті заттардың тек кейбір бөлігі Ресей мен Қытай елдерінен әкелінуде. Мердігер компаниялар құрылыста 90 пайыз отандық өнімді пайдаланып жатыр. Айта кету керек, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға дейін өскен. Жалпы биыл облыста 27 миллиард теңгеге 107 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 39-ы пайдалануға берілді. 51 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Ал қалғаны 2019 жылы бітуі тиіс.  Жалпы баспана кезегінде облыста 23 мыңға жуық адам тұр. Оның жартысынан көбі Тараз қаласында тіркелген. Жоғарыдағы аталған жоспар уақытылы орындалса, жыл соңына дейін жүздеген отбасы қоныс тойын тойлайды.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.