• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

Кәсіпкерлікке кең өріс

Қазіргі таңда кім кәсіпкерліктің қандай түрімен айналысысамын десе, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып қойған. Құжаттарды рәсімдеу тез әрі оңай электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Кәсіпті немесе кәсіп ашамын дейтін ғимаратты сатып алу үшін төмен пайыз жеңілдікпен несиелер қарастырылған. Жер қойнауы қазба байлыққа бай Мойынқұм ауданы бүгінде өндіріс өлкесі дамыған елді-мекеннің біріне айналды. «Кәсіпкерлікті дамыту 2020» бағдарламасы бойынша мұнда төрт жоба жүзеге асса, алтын өндіретін «Ақбақай», цемент шығаратын «Хантау» мен   «Мыңарал Тас компаниялары» және балық өңдейтін Мыңарал зауыты ел игілігі үшін еңбек етуде. Сонымен қатар шағын шаруашылықтар мен кіші кәсіпкерлер де аудан бюджетін толтыруға айтарлықтай үлестерін қосуда. Әйтсе де шағын бизенесті өркендете түсуге қолбайлау болып отырған жайттар да жоқ емес.


Мойынқұм ауылында нан пісіретін бір емес, екі наубайхана бар. Олар тек ауыл тұрғындарын ғана емес, күллі ауданды ас атасы нанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Тапсырысқа қарай тәтті бөлкелермен қатар тоқаштар да дайындалады.  Жанна Базарбаева жетекшілік ететін мына наубайхана 2015 жылы ашылған. Содан бері жұмыстарын бір тоқтатқан емес. Қайта жылдан-жылға жанданып келеді,- дейді кәсіпкер.


Ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесін шешу тындырымды тірлігімен көзге түсіп отырған дәл осындай жандарға тікелей байланысты. Наубайханада 4 адам еңбек етсе, олар өз напақаларын осы жерден тауып, жағдайларын жасап отыр.



Жалпы Мойынқұм ауданында 1810 орта және шағын субьектілері тіркелген. Олардың  басым бөлігі сауда саласы мен қоғамдық тамақтандыру  болса, заман талабына сай халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар да бар. Мұның барлығы үкіметтің кәсіпкерлерге деген қолдауының нәтижесі.  Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қалима Исабаеваның айтуынша ауданда әлі де кәсіп ашам деушілер көп. Әйтсе де  банк бөлімшелерінің болмауы олардың жігерін құм етуде.  Бұл мәселе тек кәсіпкерлерді ғана емес, жергілікті жұртшылықты да алаңдатып отыр. Шалғай аудандағы ағайындардың бұл базынасы банк басшыларына жетіп, шешімін тауып жатса қанекей.





 


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.