• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Бөлме гүлдеріне арналған тоғыз түрлі табиғи тыңайтқыш

Қалай қолданамыз?

Әрине, бөлмеде жайқалып өсіп тұрған гүлдерге жанарыңызды тігіп, өте тамаша әсерге бөлене аласыз. Әдемі бөлме гүлін көрсеңіз, демек оның баптаушысы күшті. Гүл өсіруге келгенде ерінбейтін, ынталы адам болғаны. Әсіресе, жылдар бойы бөлме гүлдерін өсіріп келе жатқан жан – гүлдің қай кезде бүршік ашарын, гүлдейтінін, топырақ құрамын, суғару тәсілін, бүге-шүгесіне дейін айтып бере алады.

Бұл санда біз сіздерге қалай әдемі гүл өсіруге болатын тәсілдердің қыр-сырына қанықтырмақпыз.

Қай кезде құнарландыру керек?

Бөлме гүлдерін суғару, оны тыңайту жұмыстарына сіз ойлағаннан екі есе күш жұмсауға тура келеді. Өсімдік жерден құнарланып, нәр алатындықтан оның топырағына мұқият көңіл аудармаса болмайды. Егер:
- Бөлме гүлі өте баяу өсетін болса,
- Сабақтары әлсіз, майысқақ болса,
- Жапырақтары тым ұсақ, солғын, бүрісіп түсіп қала берсе,
- Гүлдеуін кешіктірсе,
- Жапырақ бетінде сары дақтар пайда болса, онда сіздің үйдегі гүлдің топырағын құнарландыруға тура келеді. Бұл күтімнің жоқтығын білдіріп қоймай, тез арада тыңайтқыштарды пайдалану керек деген белгі. Қандай тыңайтқыштарды қолданған жөн? Әңгімеміздің басында сіздердің назарларыңызға тоғыз түрлі құнарландырғыш түрін атап шығамыз деп уәде еткен едік. Енді солардың біртіндеп таныстырайық:

1. Қант

Иә, жаңылысып оқып тұрған жоқсыз. Кәдімгі шәйға қосып ішетін қант. Оның қандай пайдасы бар деп отырған болсаңыз, химия сабағын еске түсіріп көріңіз. Қант жеміс-жидек пен глюкозада тез ыдырайды, глюкоза өз кезегінде өсімдіктің өміршеңдігін, еркін ауамен тыныс алуын қамтамасыз етеді. Расын айтқанда, глюкоза кәдімгі көмірқышқыл газымен біріккенде ғана нәтижесін береді. Егер глюкозаның тек өзін қолданатын болсақ, гүл топырағында әрқандай зең басып, көгеріп кетуі ықтимал. Сондықтан, гүл баптаушы және өсірушілер арқылы, не болмаса тыңайтқыш сататын жерлерден «ЭМ-1» , «Байкал Эм-1» дәрісін, аппаратын сұрап көріңіз. Соның өзі глюкозаға қосымша көмірқышқыл газының орнын толтырады. 

Сонымен, 1 ас қасық қантқа 0,5 литр таза су құясыз. Жақсылап араластырып, гүлді ақырын суғарып шығыңыз. Мұны айына бір рет қайталасаңыз болды.
Жиі суарудың керегі жоқ. Зияны тиеді. Құмшекердің орнына дәріханадағы глюкозаны қолдансаңыз да тиімдірек. Ол үшін 1 таблетка дәріге 1 литр су құйып, әлгіндегідей суарып өтесіз. Бұл да айына бір рет ғана қайталайтын процесс.

2. Кофе

Кофе гүлді жақсы құнарландыра алады. Ол үшін уақыт бөліп, арнайы тыңайтқыш дайындаудың қажеті жоқ. Әншейін, ішіп болған шыныаяқ кофенің соңында қалған қоюын сыртқа төгіп тастамай, гүл түбіне шашып жіберсеңіз болды. Соның арасында топырақ босайды және жеңіл қопсытылады. Нәтижесінде оттегі көбейеді. Кофені барлық гүлдер ұнатады. Тек бөлме гүлдері ғана емес, бақшалық өсімдіктерге қолдансаңыз пайдасы мол. Гладиолус, лилия, раушанның барлық түрі, рододендрон гүлдеріне емін-еркін кофені пайданала аласыз. Байқап жүрген боларсыз, кейде кофенің орнына шәйдің қалдығын төгіп жататындар бар. Бірақ, оның зиянды жақтарын айта кетейік. Шәйдің самасы топырақты босатады, дегенмен ондайда ұсақ шыбын-шіркей үйір болатынын естен шығармаңыз.

3. Цитрусты жемістер

Білсеңіз, мандарин, апельсин, банан қабықтары тәп-тәуір тыңайтқыш бола алады. Ол үшін сыртқы қабығымен қосып ұсақтап тураймыз да, 1 литрлік банкіге салып, қайнаған ыстық суды толтыра құямыз. Бетін жауып, толық бір күн қоямыз. Келесі күні суды төгіп, әлгі жемістің сыртқы қабығын аршып алып тастаймыз да, ішінде қалған жемісін қайтадан банкаға салып, тағы 1 литр сумен толықтырамыз. Міне, дайын болған жемісті сумен енді кез-келген түбектегі гүлді суара бересіз. Бананды да дәл осылай қайталаймыз.

4. Күл

Көптеген адамдар күлдің пайдасын біле бермейді, онысы бекер. Күлдің құрамында калий, фосфор, магний, кальций, темір және цинк бар. Ол үшін гүлдің топырағына күлді араластырып ексе болғаны. Сонымен қатар 1 ас қасық күлге 1 литр су құйып суарып тұрсаңыз да болады.

5. Ашытқылар

Бір қызығы, кәдімгі кондитерлік ашытқылар тек тоқаш пісіріп, дәмді квас дайындауға ғана қолданылмайды екен, сырын білсеңіз оны тыңайтқыш есебінде пайдалана алатын көрінесіз. Өйткені, ашытқылар өсімдіктің тез өсуіне ықпал ететін пайдалы заттар бөледі, мәселен фитогормондар, В дәрумендер тобын, ауксиндер. Сонымен қатар ашытқыда жаңа тіндердің бөлініп шығуына ықпал ететін цитокинин гормондары бар, олар өсімдіктің жылдам өсіп-өнуіне көмегін тигізеді.  

Айтпақшы, ашытқыдан жасалған тыңайтқышты ғалымдар да қолдайды. Топырақтың белсенділігін арттырып ғана қоймай, оның минералдануына апарады дейді. Алдымен кәдімгі 10 грамм ашытқыға 1 ас қасық қант салыңыз да, 1 литр жылы су құйып қойыңыз. Құрғақ ашытқыны да пайдалануға болады, егер ашытқыңыз ұнтақталған құрғақ болса, 10 граммына 3 ас қасық қант салып, 10 литр су құйыңыз. Қайсы ашытқының түрі болса да, екі сағат ұстаңыз. Содан соң, шетінен гүлдерді суара беруіңізге әбден болады.

6. Пияз

Пияз кез-келген ас үйден табыла кетеді. Пияздың құрамында микроэлементтер толып жатыр. Тек мұны біз тамаққа ғана пайдаланып қоймай, нәрлендіргіш тыңайтқыш ретінде қолданып көрейік. Пияз тез бұзылып кететін көкөніс болғандықтан, оны ұзақ сақтап қоя алмайсыз, сол себепті әр суарған сайын жаңадан әзірлеп отыруға тура келеді.
Алдымен пиязды қабығынан аршып, сол қабықтарды жинаймыз. Қабықтан 50 граммын өлшеп алып, оның үстіне 2 литр ыстық қайнаған су құйып, шамамен тағы 10 минут баяу отта қайнатамыз. Содан соң үш сағат тұндырып қоямыз. Суыған соң, гүлдің түбіне құйып суаруға, бетіне бүркіп шашуға болады.

7. Көкөністер сорпасы

Түрлі көкөністердің қайнатпасынан (әрине, тұзсыз қайнатылғаны) тыңайтқыштар жасап көрген, тәжірибеден өткізген жандардың пікірінше, бұл тәсіл айтарлықтай пайдалы оң нәтиже әкеледі дейді. Оған көп уақыт жұмсамайсыз, картоптың, не болмаса қырыққабаттың, басқа да көкөністерден бір түйірін алып, ақырын жанған отта қайнатыңыз. Асықпай суытып, әрі қарай сорпаны түбекке топырақ бетіне құйып шыға аласыз. Мұны жиі қайталаудың керегі жоқ, айына бір мәрте қолданғаныңыз жетіп жатыр.

8. Аквариум суы 

Бұл да көңіліңізден шыға алатын тамаша тыңайтқыш бола алады. Өсімдік сабағын тез өсіруге мүмкіндік беретін рН нейтралы бар, су өте жұмсақ келеді. Бірақ, аквариум суын лажы болса, көктемде және жаз айларынының бастапқы айларында ғана пайдаланған дұрыс. Өйткені, жаңадан қылтиып өсіп келе жатқан сабақтар мен гүлдерге үлкен көмекші болады, ал одан кейінгі уақытта дұрысы, қолданбаған жөн.

Басқа тыңайтқыштар секілді аквариум суын айына бір рет қолдануыңыз қажет. Жмі суаратын болсаң, су түбіндегі балдырлар топыраққа сіңіп, көбейіп алады да, өсімдіктің өсуіне кері әсерін беруі мүмкін.

9. Янтарь қышқылы

Янтарь қышқылы — тұрмыста кеңінен қолданылады және тыңайтқыш ретінде көптеген пайдалы жақтары бар. Әсіресе, табиғи янтарьдың өңделген түрі топырақтың құнарлануына жақсы. Янтарь қышқылы дәмі және сырт пішіні жағынан лимон қышқылына сәл-пәл ұқсайды, оны ақ кристалданған ұнтақ күйінде алады. Міне, осы осы ұнтақтың 1 грамын 5 литр суда шайқап ерітіп алып, суғара беруіңізге болады. Гүлдің жапырағына, сабақтарына сепсеңіз де үлкен пайдасы бар.

Жоғарыда айтылған тыңайтқыштардың қай-қайсысы болмасын тұрмыста кездесетін, қолжетімді дүниелер. Оларды қолдану тәсілі де оңай. Әрі өзіңіз ойлаған нәтижеге қол жеткізе аласыз. Сондықтан аса ыждағаттылықпен біз айтқан кеңестерді қолданып көріңіз! Іске сәт!

Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.