• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Пейілі кең адамның несібесі кемімес

Жақсылыққа себепші болған адам мол сауапқа кенеледі дейді. Әсіресе, шын мұқтаж жанға қол ұшын созып, қайырымдылық көрсету ең алдымен адамның иманы мен оң ниетіне байланысты. Қашанда айналамызда жүрегі кең, қайырымды іс жасауға дайын адамдардың бар екенін өз ортамыздан да байқауға болады. Жақында мақтаралдық тұрғын Ж.Сариев аудандағы тұрмысы төмен бір отбасыға асарлатып үй салып беру жөнінде бастама көтеріпті. Ауылдастары бұл ұсынысты аяқ асты етпей, ә дегеннен қолдап әкетті. Шаңырақ иесі – алпысқа таяп қалған Абиболла Ибрагимов  І топтағы мүгедек, көзі көрмейді, жұмыссыз. Жұбайы мен баласын жалғыз мемлекеттік жәрдемақымен асырап отыр. Осыны білетін ауылдастары қазір білек сыбана іске кірісіп кетті. «Шыны керек, басында бір ауыз сөзім жерде қала ма деп те ойлап едім. Қаншалықты заман өзгергенімен, ауылымызда иманды адамдар әлі де көп екен. Барлығы қолдап, іске кірісе кетті. Бүгінде көлемі 10х8 м болатын 4 бөлмелі үйдің іргетасы қаланып, қабырғасын өріп жатырмыз. Құдай қаласа, баспананы биыл бітіріп, Абиболлаға қоныс тойын жасатамыз. Ол үшін 40 шақты жігіт үйдің құрылысына жұмылуда» дейді Мақтарал ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев ауылының тұрғыны Ж.Сариев. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Әбден тозығы жеткен үйдің орнына жаңадан үй салып беру үшін ауылдастары барын салып жатыр. Бірлігі жарасқан елді мекен тұрғындарының бірі қаржылай көмек берсе, енді бірі заттай көмектесу арқылы қолдарынан келген қайырымдылықтарын жасап жатыр. Иә, мақтаралдық ағайындардың бұл ісі көпке үлгі болуға тұрарлық, әрі көңіл сүйсінтеді.  «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес» деген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-біріне бауырмалдық танытқан жұрттың әрқашанда несібесі арта берсін, ел ішінде тыныштық пен татулық бар жерде береке кетпес.   


"ОҚО-13" ақпараттық порталы


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.