• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Оңтүстіктің мерейін асырған "Қазына"

Оңтүстіктің атын республикаға ғана емес, шет мемлекеттерге танытып келе жатқан «Қазына» этнографиялық -хореографиялық ансамблінің құрылғанына да 25 жыл толыпты. Қазақстанмен құрдас өнер ұжымының бүгінгі жетістіктерін айтпай кету мүмкін емес. «Қазыналықтар» жақында тағы да биік шыңнан көрінді. Шілде айының 23-25-і аралығында аралығында өткен Болгария Республикасының астанасы София қаласында халықаралық «Витоша» халық билері фестиваліне еліміздің атынан қатысып, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Қазына» би ансамблі жүлделі ІІ орынды иеленді. 11 мемлекет қатысқан би фестивалінде І орынды Корея, ІІІ орынды Колумбия мемлекеттері алған.


Сонымен қатар, «Қазына» би ансамблі «Тұмар» фольклорлық ансамблімен бірігіп, тамыз айының 4-6 аралығында Аустрия Республикасының Клагенфурт және Филлах қалаларында өтетін «Villacherkirchtag» фольклорлық фестивалінде өнер көрсетеді деп күтілуде. Ол жақтан да олжалы оралады деген сенімдеміз, әрі танымал өнер ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз.


Сөз орай келгенде айта кетейік, оңтүстіктегі өнері топтардың жетістіктергі мұнымен шектелмейді. Таяуда Елордада «Ұлы дала» халықаралық дарынды балалар байқауы болып өтті. Жеті жас пен он төрт жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бұл додаға әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балалар жиналды. Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Ресей, тіпті АҚШ-тан және еліміздің барлық облыстарынан 350 бала қатысып, өнерлерін ортаға салды. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан бір домбырашы және түлкібастық «Сұлулар» би тобы қатысқан болатын. «Жүзден жүйрік» деген, қаншама талантты балалар топ жарған сайыста Түлкібас аудандық Өнер мектебінің биші қыздары оза шауып, қанжығасына екінші орынды байлап қайтты. «Сұлулар» тобының мың бұралған бүлдіршін бишілері Нұрғалиева Жібек, Үсентай Ақназ, Жұмаш Ақмарал, Есенгелді Мөлдір, Ғалымжан Жанерке, Еңсегенова Үмітай, Ахилбек Ұлжан – әрқайсысы болашағынан үлкен үміт күткен алғыр балақайлар. Оларды үздіксіз байқауға дайындап, қабілеттерін шыңдаған жетекші ұстаздары Айсұлу Бекахметованың өлшеусіз еңбегі екенін айта кеткен жөн. Шексіз қуанышқа бөленген балалар байқаудан соң, мереке құрметіне орай Елорданың  айшықты да, көрікті жерлерін аралады.  Қазақстан Республикасының кітапханасында болған талантты жеңімпаз топқа Елбасымыз атынан «Біздің Президент» атты кітап сыйға тартылды. Сондай-ақ «Бәйтерекке» көтеріліп, асқақ армандарының орындалуын тіледі, «Хан шатыр» және «Думан» ойын-сауық орталығын тамашалады, балалар бейнебір ертегі еліне саяхаттағандай керемет әсерде болды. Ауданның атын Астанада қалықтатқан біздің кішкентай өнерпаздарымыз алдағы уақытта мұнан да биік сахналардан көріне бергей.


Өз тілшіміз.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.