• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Жамбыл облысындағы білім нысандарын 100 пайыз интернетпен қамту жайы талқыланды

Жыл басында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында жергілікті атқарушы органдарға мектептерді интернет және компьютерлермен қамту мәселесін көтерген болатын. Кең жолақты интернет білім сапасын арттыруға оң әсер ететіні сөзсіз. Қазіргі таңда өңірдегі білім нысандарын интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, бұл бағыттағы көрсеткіш биыл 93 пайызға орындалса, келер жылы 100 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.


Жиында өңірдегі білім, денсаулық, мәдениет, қызмет көрсету және өзге де салаларын цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар талқыланды. Осыған дейін бағдарлама аясында 182534 адам оқыту курсынан өткен. Бұл биылға арналған жоспардың толық көрсеткіші. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бұл көрсеткішті жыл соңына дейін тағы да арттыру жолдарын қарастыру керектігін баса айтты. Кең жолақты интернетке қосылу жағынан Талас, Шу, Қордай аудандарындағы көрсеткіш төмен. Сол себепті тиісті аудандарға интернетпен қамтамасыз ету жоспарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, биыл Тараз қаласындағы жүз он бір балабақшада электронды кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылмақ. Басқосу барысында ауылдық клубтардағы ақпараттық орталықтардың ашылуы, мекемелердің компьютерлермен қамтылуы секілді жұмыстар да сараланды. Биылғы жылдан бастап өңірдің барлық ауыл-аудандарында ақпараттық орталықтар ашылып жұмыс істей бастағаны белгілі. Ақпараттық орталықтар жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін өз бетінше қалай пайдалану  қажеттігін үйретеді. Мәселен, үйде отырып интернет арқылы құжаттарды рәсімдеуге, мекен-жай анықтамасын алуға, салықтарды төлеуге, баланы балабақша кезегіне қоюға, бірінші сыныпқа қабылдауға өтініш беру секілді қызметтерді қолдану. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы жиын барысында жоғарыда айтылған көрсеткіштерді көтеру үшін екі-үш жылдық жоспарға байланбай, тиісті шараларды уақыт оздырмай іске асыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.


 


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.