• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Жамбыл облысында 100 МВт-тық жел электр станциясы салынады

Сарысу ауданында «China Power International Holding Ltd» компаниясы жел электр станциясын салмақ. Оны аталмыш компанияның  Қазақстандағы құрылтайшысы «Визор Қазақстан» ЖШС-і жүргізеді деп хабарлайды  «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ баспасөз қызметі.


Инвесторлар Сарысу ауданында 100 МВт-тық жел электр станцияларын салатын болады.  Жоба бойынша 233 гектар жерге  40 желден қуат өндіретін арнайы қондырғылар орнатылмақ.  Олардың әрқайсының қуаты – 2, 5 МВт құрайды. Станция жылына 350 миллион КВТ/сағ  электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Жоба құны 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады деп күтілуде. Құрылыс кезінде 200-300 адам уақытша жұмыспен,  жоба іске қосылғанда 30-40 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


Еліміздің энергетикалық секторын стратегиялық трансформациялау аясында жаңартылған энергия көзінен өндірілетін электр энергиясының үлесін арттыру, экологиялық таза энергия өндіру және атмосфераға көмірқышқыл газының шығындарын азайту мақсатында қолға алынған жоба сәтті жүзеге асқанда қазынаға орташа есеппен 2020 жылы 8,1 миллиард  теңге пайда түседі деп болжанып отыр. Бұл түсім жыл өткен сайын ұлғая түседі. Алдағы уақытта жоба қуаттылығын 200 МВт-қа ұлғайту көзделген.


Елімізде арзан электр энергия көздерін іздеу мақсатында, “Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы” мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жел күшімен өндіретін электр энергиясы қуатын халық шаруашылығына қолданудың тиімді жолдары қарастырылуда. Қазақстанда жел күшімен алынатын электр энергиясы қуатын кеңінен және мол өндіруге болады.


Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологилық және экономикалық артықшылықтары көп. Жел энергетикасы қондырғыларының технологиясын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады. Жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыру қажет. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік аймақтарында су электр станциялары мен жел электр станцияларын біріктіріп электр энергиясын өндіру өте тиімді. Қыс айларында жел күші көбейсе, жаз айларында азаяды, ал су керісінше, қыс айларында азайса, жаз айларында көбейеді. 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.