• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Атаулы әлеуметтік көмектің жүзеге асырылу жайы қалай?

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырыла бастады. Бұл жұмысты сапалы түрде жүзеге асыру үшін соңғы үш жыл бойы министрлік пен жергілікті жерлерде қажетті дайындық жұмыстары жүргізілді. Жаңа жүйенің елдімекендерде іске қосылу барысы қалай? Осы мәселені өз көзімен көріп, саралауға келген республикалық топ мүшелері аймақты аралап, тұрғындармен жүздесті.


Атаулы әлеуметтік көмек - аз қамтылған отбасыларына тағайындалады. Оның шартты және шартсыз деп аталатын екі түрі бар. Шартты түрінде  ақшалай көмекпен қоса, жұмыспен қамтамасыз етілсе,  жанұя құрамы еңбекке жарамсыз болған жағдайда шартсыз түрі ұсынылады. Шартты атаулы көмек - құрамында еңбек етуге қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сондай-ақ отбасының барлық еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда (тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, жастар тәжірибесі, кәсібі немесе мамандығы бойынша оқыту немесе қайта оқыту), жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға және жеке кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыруға беріледі. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек – құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Жаңа жүйеге қатысты енгізілген өзгертулер мен толықтырулар  «Министрлік күні» акциясында кеңінен тарқатылды. Сондай-ақ, Байзақ ауданына келген жұмыс тобы алдымен өңір тұрғындарымен кездесіп, жұмыспен қамту орталығының мамандарына қажетті ақпараттар беріп өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік көмек департаментінің басқарма басшысы Айнұр Әбдрахманова жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажымен танысып, тиісті сұрақтарға жауап берді. Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақов жиынды қорытындылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйытқы болуымен өткен шара алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасатын болады.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.