• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸374.64

Таразда "Ұлы дала рухы" фестивалі өтті

Таразда тағыда бір тың бастама жүзеге асты. Облыстық ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйытқы болуымен «Ұлы дала рухы» атты фестиваль өтті. Өткенді екшеп, болашаққа бағдар берер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикада ауқымды жобалар қолға алынды.Ауқымды әрі ілкімді іске жамбылдықтарда шама-шарқынша үнқосуға ниетті. Осы бағытта жаңашылдықтар мен тың өзгерістерге толы тиянақты тірліктер қыруар. Соның бірегейі бүгінгі Достық үйінде өткен фестиваль болмақ. Бұрын соңды болмаған БАҚ-дың басқосуы. Мәні мен сәні аймақтағы медиа яғни, екі телеарна мен 4 бірдей басылым өз кәсіптерінің ерекшелігі, қыр-сырынан сыр шертер дүниелерін дүйім жұртқа таныстыруы. Мұнан өзге, талай жылдан бері аймақ тынысын тасқа баспаса да, қағазға таңбалап жүрген 4 бірдей жергілікті фототілшінің туындылары көрмеге қойылды. Қазақы болмыс пен ұлттық код, заманауи креатив үйлескен шараға тұздығы арнайы астанадан ат арытып келген Аңсаған Мұстафаның туындылары болды. Әлеуметтік желілер арқылы жұртқа кеңінен танылған суретші-блогер 42  жұмысын әкелген. Бір қарағанда ақ, қара бояумен шимайланып, майда жазулар басылған картиналардың маңызы неде дерсіз? Бірақта бізде ғана емес, әлемде жоғары бағасын алған дүниелер көзі қарақты көрерменнің көңілін күпті етері анық. Әлеуметтік мәселелер қағытпа қалжыңмен өріліп, ащы болса да шындық сайрап тұр. Бағдарламаға сай, «Таразға тілек» фотобұрышына тілек жазып, суретке түскен келушілерге ұлттық тағамдар толтырылған тәбәріктер үлестірілді.Көрме концерттік бағдарламамен жалғасып, жиылғандар жергілікті өнерпаздардың ән-күйлерімен сусындады. Төл өнеріміз айтыста ұмыт қалмай, жастар күлкіге қарық қылды.  Игілікте іске атсалысып, белсенділік білдірген барша ұжым марапатқа лайық деп танылды. Көптің көңілінен шыққан тың бастама алдағы уақытта жаңа форматта жалғасады деген жағымды жаңалық та бар.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.