• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸374.64

Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту орталықтары ашылады

Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту орталықтары ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Исабекұлының қатысуымен өткен жиында айтылды.


Басқосуда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов атқарылып жатқан жұмыстары, орталықтың мақсаты мен міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, аталмыш орталық өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларды ынталандыруға, техникалық және консультативті көмек ретінде мемлекеттік қызметкерлермен, қаржы ұйымдарымен және бірқатар мекемелермен қарым-қатынас жасау үшін қаржылай қолдауды ұйымдастыруға ықпал етпек. Ол ҚР заңнамасында көрсетілген «Бір терезе» қағидатына сәйкес жұмыс жүргізбек.


Асқар Исабекұлы орталық тек техникалық жұмыстармен ғана шектелмей, әрбір кәсібін бастауға ынталы азаматтың өз ісін дөңгелетуге дейінгі және кейінгі шараларына атсалысып, бастан-аяқ қол ұшын беруді ұйымдастыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, орталық тәуелсіз түрде жанды жұмыстар жасап, кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде, олардың барлық сауалдарын қанағаттандыруда нақты шаралар қабылдап отыруға міндетті.


Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жұмысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелмек. Алдымен алғашқы орталық пилоттық жоба ретінде Қордай ауданында өз қызметін бастайтын болады. Ол үшін Қордайдағы жағдай дайын. Бұл туралы аталмыш палата директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев айтты.


Ендігі кезекте орталықтың жұмыс істеу тәртібі бекітіліп, ережесі дайындалатын болады. Сонымен қатар, арнайы мобильдік қосымша әзірленбек. Ол үшін облыс басшысы жауапты тұлғаларға он күндік уақыт беріп, нақты тапсырмалар жүктеді.


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.