• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Жерді тиімді пайдалану жолдары қарастырылды

Жер қойнауын пайдалану, оның ішінде тиісті учаскелерді заңсыз игеру мәселелері мен оны шешу жолдарын мұқият әрі уақыт оздырмай қарастыру қашан да маңызды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында жан-жақты айтылды.


Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Ол облыс аумағында 140 келісімшарт бойынша жұмыс жүріп жатқанын тілге тиек етті.


Сондай-ақ, басқарма басшысы кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жасалған келісімшарттарда көзделген міндеттемелер бойынша салыстырмалы көрсеткіштерге тоқталды. Қолданыстағы келісімшарттармен салыстырғанда жаңадан жасалған келісімшарттардағы көзделген міндеттемелер мөлшерінде айтарлықтай өзгерістер орын алған. Атап айтар болсақ, бұрын өңірдің әлеуметтік саласына және оның инфрақұрылымына арналған төлемдер өндіруге жұмсалатын шығындар 1 пайыздан 3-5 пайызға, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың салдарларын жоюға арналған төлем 0, 2 пайыздан 2-3 пайызға, қазақстандық кадрларды оқытуға арналған төлемдер 1 пайыздан 2-3 пайызға артады. Ал, келісімшарттың қолданылу мерзімі 25 жылдан 5-10 жылға дейін қысқармақ.


Сондай-ақ, жаңа келісімшарт бойынша міндеттемелерінің орындалуын бақылау және мониторинг жүргізу жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару арқылы жүзеге асырылатын болады. Десе де, жаңа келісімшарттың өзгерістерін қабылдағысы келмей отырғандарға жоқ емес болып шықты. Нақтырақ айтсақ, 37 мекеме өзгерістер бойынша жұмыс жүргізуді құп көрсе, 15 мекеме өзгерістерді қабылдауға келіспей отыр.


Асқар Исабекұлы бірқатар пайыздардың әлі де төмен екенін, табысына қарай төлем мөлшерін де арттыру қажеттілігін тілге тиек етті. Сонымен қатар өңір басшысы, жер қорын пайдаланушылардың тигізіп отырған пайдасы мен зиянын, экологиялық зардаптарын, олардың өз міндеттерін қай деңгейде атқарып отырғандығы туралы талдау – сараптама жүргізу керектігін баса айтты. Соған орай, арнайы «қара тізім» құрудың қажеттілігіне назар аудартты.


Жиын барысында сөз алған облыс прокурорының орынбасары Руслан Исаев маусым айында жүргізілген тексеріс нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеді. Атап айтсақ, 30 гектардан аса жерді алып жатқан 34 карьер белгілі болған. Өзен бойы, елді мекендер мен таулы аймақтарда 19 заң бұзушылық орын алған. Олар жер қойнауын заңсыз пайдаланған. Тексеріс нәтижесінде 35 миллион теңге айыппұлдар салынған.


Сондай-ақ, 14 келісімшарт бойынша өңірдің әлеуметтік дамуына төлемдер аударылмаған. 56 жер қойнауын пайдаланушылар келісім шарт бойынша қазақстандық кадрларды оқудан өткізу шараларын орындамаған. 2017-2018 жылдары 21 жер қорын пайдаланушы келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауға немқұрайлылық танытқан. Бірқатар берілген жерлер қайта мемлекетке қайтарылмаған десек, бұл орайда аудан әкімдері мен жергілікті полиция қызметінің жұмысы көңіл көңшітпейді. 2005 жылдан бастап осы уақытқа дейін 146 жер қорын пайдаланушылармен келісімшарттар бұзылған. 53 участок әлі де солардың меншігінде екен.


Ол ғана емес, 146 жосықсыз қатысушылардан 6,5 миллиардтан астам қаржылай міндеттемелер өндірілмеген. Тіпті, 15 жер қорын пайдаланушы табылмай отыр. Бұдан басқа да орын алған олқылықтар жетерлік.


Облыс басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта арнайы жиын өтіп, жоғарыдағы заң бұзушылықтарға жол берген, өз жұмыстарына салғырт қараған жауапты басшылар мен қатысты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылып, жауапкершіліктері қаралатынын ескертіп, кемшіліктермен жұмыс жүргізу үшін нақты тапсырмалар жүктеді.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.