• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Таразда қала күні жоғары деңгейде аталып өтті

Тараз қаласында “Қала күніне” арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала күніне орай өңірде Жамбыл Жабаев ескерткіші, темір жол маңындағы «Тараз» сквері, Қайрат Рысқұлбеков саябағында оның ескерткіші, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, «Ғибрат» орталығы ашылып, Желтоқсан скверінде «Желтоқсан толқыны» субұрқағы іске қосылды. Сонымен қатар, қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағында бірқатар ескерткіштердің ашылды. Мәселен, тыл еңбеккерлеріне арналған, «Чернобль» атом электр стансасының зардабын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіштердің және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылуы болады. 


Сондай-ақ, «Үшбұлақ» демалыс орны пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылуына облыс жұртшылығы қатысты. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағында, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта, “Көне Тараз” тарихи-мәдени орталығында, “Тараз Арена” спорт сарайында түрлі форматтағы шаралар өткізілді. Талайды тамсандырған Тараз тойының соңғы нүктесі орталық «Достық» алаңында қойылды. Мереке барысында 20 әлеуметтік нысанның ашылуына куә болған қала жұртшылығы кешкі думанда көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Салтанатты шара тұрғындардың көне шаһарға деген махаббат пен сүйіспеншілігін білдіретін хореографиялық композиция арқылы түндігін түрді. 400 студент қыз өнер көрсеткен би қойылымы көптің көңілінен шықты. Мерекелік шарада тұрғындардың қатарынан қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов та табылып, өзінің ақжарма тілегін білдіріп, ізгі ниетін жеткізді.


– Бұл күн – тараздықтар мен қала қонақтары үшін дәстүрге айналған салтанатты мереке. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп шаһарымыздың ел тарихында алар орнын айрықша атап өткен болатын. Бүгінгі Тараз – уақыт ағымында заман талабына сай мәдениеті мен өнері қатар дамып келе жатқан әсем қала. Рухани, мәдени тарихымызды ғасырлар қойнауынан жоғалтпай келе жатқан ежелгі шаһар текеметтің түріндей түрлене түсіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Облысымыздың бетке ұстар ірі өнеркәсіптік, мәдени орталығы саналатын қаламыз өткеннің келбетін сақтай отырып, жаңа заманауи көрікке ие болуда. Жылдан-жылға қаланың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты өсіп, халықтың тұрмыстық жағдайы жақсаруда. Биыл да қала күніне үлкен дайындықпен келдік. Сүлейменов көшесінің соңында тұтастай №15 мөлтек ауданы бой көтеруде. Алдағы уақытта жаңадан соғылатын нысандар – ел игілігі үшін, – деді Ғалымжан Райылұлы. Сонымен қатар шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан 20 адамды марапаттады. Оның ішінде Тараздың «Жыл адамы», меценат, облыстың «Жыл адамы-2010», жеке кәсіпкер, «Альтаисс» ЖШС бас директоры Әлімбек Жұмабаев атанды.



– Қала күнімен барша тараздықтарды құттықтаймын. Бүгінгі мерекеде марапат төрінен көріну мен үшін үлкен мәртебе. Қаланың көркейіп, жаңа келбет алуына өз үлесін қосып жатқан облыс, қала басшылығының орасан еңбегі халықтың көз алдында жүріп жатыр. Әрбіріміз шаһардың гүлденуіне үлесімізді қоссақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз, – деді «Жыл адамы». «Өмірге құштар жан» аталымы Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция батальонының инспекторы, аға сержант Бекжан Тіленшиевке бұйырды. Ол 2016 жылы маусымда көпқабатты үйлердің бірінің подъезіне жасырынған қылмыскерді тауып, онымен текетірес кезінде ауыр жарақат алады. Қылмыскерді құрықтау кезінде алған жарақат кесірінен Бекжан Мамырұлы шет елдерде емделсе де, әлі қоларбаның көмегіне жүгінуге мәжбүр. Марапаттаудан кейін сахна төріне шыққан қазақстандық эстрада жұлдыздары – Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Қуандық Рахым, Арай Серікхан және «OXFORDS live band» вокалды-аспапты ансамблі әннен шашу шашты. Кеш соңы отшашуға ұласты.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.