• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Таразда жыр алыбы - Жамбыл ескерткіші ашылды

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында “Қала күніне” орай Тараз қаласының орталығынан орын алған, Жамбыл Жабаевтың жаңа ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімдігінің алдынан бой көтерген еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Салмағы 1,5 тонна. Ашу рәсімі облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібайұлы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлына бұйырды. — «Ескерткіштің жаңа жерге көшкені дұрыс болды. Облыстың басты ғимаратының алдында тұрған Жамбыл ата қаланың көркін келтіруде» — деп ойымен бөлісті облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Төлепберген. Еске сала кетсек, осыдан бұрын Жамбыл ата ескерткіші Төле би даңғылында орналасқан болатын. Қазір ол ескерткіш алынып, басқа жерге көшірілді.


Тарих пен дастанға, шежіре мен аңызға толы тоғыз жолдың торабын тоғыстырған киелі Тараз өлкесінен талай дарын иелері шыққан. Солардың бірі де бірегейі – Жамбыл Жабаев. Облыстың есімін еншілеп жатқан жыр алыбына арналған ескерткіш қаланың ең бір маңызды, көрікті жерінен бой көтеруі тағылымды іс. Жамбыл – қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрдің XX ғасырдағы туын биікке көтерген ұлы жырау. Жамбылдың қанатты жырлары әлемнің елуге тарта тіліне аударылып, миллиондардың жүрегіне ізгілік нұрын септі. Біз мұны ең алдымен Жамбыл атамыздың өлмес өнері арқылы әлем жұршылығына қазақ халқының рухани болмысының танылуы деп білуіміз керек, – деді Жандар Кәрібайұлы.
Сондай-ақ ескерткішті ашқан Әлібек Әмзеұлы да көпшілікті мерекемен құттықтап: «облыс әкімдігінің ғимараты өңірімізге келген әрбір қонақтың, шет елдіктердің негізгі бас сұғатын, тамашалайтын нысандарының бірі. Ал осы жерде иісі қазаққа ортақ ақынның еңселі ескерткіші тұрса келушілер мен көрушілерге әдемі әсер сыйлап қана қоймай, өңірдің әдебиеті мен өнегелі өткенінен сыр шертетіні сөзсіз» – деді сөз алғандар. Естеріңізге сала кетейік, бүгін тараздықтар Қала күнін тойлап жатыр.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.