• Бүгін: 14.11.2018 |$1 = ₸375.13

Тараз қаласында аллея мен стелла ашылды

Тараз қаласы күніне орай ел игілігіне пайдалануға беріліп отырған «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясының ашылу рәсімі өтті. «Тәуелсіздік ұшқыны» алауының ені – 4-те 4 метрді, биіктігі – 4-те 6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың Тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді. Елбасы өз сөзінде «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Сондықтан да Тәуелсіздік – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына» деп айтып өтті.


Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, зиялы қауым, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясын Тараз қалалық қоғамдық Кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Санат Қонарбаев ашты.


Сонымен қатар, Жамбыл облысы Темір жол вокзалы аллеясында бой көтерген қала тарихынан сыр шертетін стелланың ашылу салтанаты өтуде.


Ашылу салтанатында Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов пен темір жол саласының ардагері, Тараз қаласының құрметті азаматы Сағымбек Ақшалов стелланың көрмесін қиып, сөз сөйледі.


Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, 2000 жылдан астам тарихы бар Көне Тараз шахарының үлкен қақпасы, темір жол бекетінің алдына орналасқан стелланың мәні зор.


Стеллада қаламыздың тарихынан сыр шертетін балбал тасы орын алған. Мұнда «тәңір» деген сөз жазылған. Өңірімізден ғұламалардың да шыққанын көрсететін қауырсын, Жамбыл бабамыздың домбырасы, Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген.


Алғашында Талас кейіннен Тараз деп аталған бұл шаһар, 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи атуы «Тараз» қайтарылды.


Естеріңізге сала кетейік, бүгін тараздықтар Қала күнін тойлап жатыр. Көне шаһардың мерекесіне орай, 20 нысан ашылады деп күтілуде.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.