• Бүгін: 22.03.2019 |$1 = ₸378.48

Таразда жаңа шағын аудан бой көтереді

Облыс орталығындағы құрылысы жүргізіліп жатқан №15 жаңа мөлтек ауданының сәулеттік келбеті, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бейнесі заманауи әрі көрікті болуы шарт. Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов осылай деді. Басқосуда 15 мөлтек ауданда жаңадан салынатын көпқабатты үйлердің бірінші қабатында әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандар орналастыру мәселелері талқыланды. Аумағы 360 гектар жерді алатын 15-ші шағын ауданда келешекте 280 көпқабатты үй салынады, мұндағы халық саны отыз үш  мыңды құрайды деп күтілуде. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров мақсатты жұмыстардың іске асу жүйесі туралы бірқатар мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша қазіргі таңда 25 үйдің жобасы дайындалуда. 2020-2021 жылдары құрылысы жүргізілетін ол көпқабатты тұрғын үйлердің 12-сінің  бірінші қабаттарына өзгерістер енгізілмек. Яғни мемлекеттік орган (тапсырушы) жобалау тапсырмада бірінші қабатта әлеуметтік, коммерциялық және тағы басқа нысандар болу қажеттігін көрсетеді, соған орай жоба-сметалық құжаттама тапсырмаға сәйкес дайындалып, құрылыс жер телімінің, фундамент, жертөленің құндық үлестері тең пропорцияда бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу тек тұрғын пәтерлер және үлесіне қарай жертөле көлеміне жүргізіледі, мемлекеттік сатып алуға қатысушы мердігер осындай шартқа келісіп қатысады.
Асқар Исабекұлы тек бес қабатты тұрғын үйлермен шектелмей жеті,тоғыз қабатты үйлерді де салу қажеттілігін ескертті. Сол арқылы инфрақұрылым тарту жұмыстарын, жер аумағын үнемдей отырып, пәтер құнын төмендетуге болатынын жеткізді. Өңір басшысы ең бастысы шағын аудандардағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандарға бере отырып, ғимараттардың сыртқы көрінісін, сәулеттік келбетін арттыруды талап ету керектігін баса айтты. Тиісті тұлғаларға осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Одан бөлек үш балабақша, екі мектеп, ауысымына 500 келушіге арналған емхана, 200 төсектік онкологиялық диспансер, басқа да әлеуметтік нысандар ел игілігіне беріледі. Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірде барлық қаржыландыру көздерінен жалпы көлемі 4,29 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мың адам, ал Тараз қаласы бойынша 13,8 мың адам баспана алуға кезекте тұрғанын айта кетейік.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.