• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

Табыс - табанды еңбекке бітеді

Биыл алғаш рет тәтті түбір еккен таластық диқандар көл-көсір табысқа кенелетін түрі бар. Жер тың болғандықтан, түсім де жаман емес. Табанды еңбекті, ерекше күтімді қажет ететін техникалық дақылды өсіруді қолға алған «Бекен» шаруа қожалығы қазір балтамырды жинап жатыр. Айта кетейік, мұндағы шаруалар бұл істі  қызылша өсіруде  талай жылғы тәжірибесі бар «Шарипов» шаруа қожалығымен бірлесіп атқаруда. Нәтиже көңіл көншітерліктей. Тыңнан түрен салған таластық еңбеккерлердің тынымсыз тірлігін тілшіміз Аягөз Тілеуханқызы тарқатсын.Талай жылдан бері мүлгіп жатқан Таластың төсіне биыл жан кіре бастағандай. Сайын даланы дүбірге толтырған диханшылар біртіндеп шаруаның шырайын кіргізуде.   Ақкөл ауылы аумағынан 120 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен қызылша еккен дихандар Жер ананың жомарттығын сезінгендей.  Ала жаздай тынымсыз тер төгіп, енді міне,  өнімді жинауға кірісті. Несібесін жерден айырған еңбек адамдары балтамырдың түсіміне дән риза. Көмек беруге ниет білдірген ауыл тұрғындарын тартып, оларға күнделікті еңбекақысын төлеп отыр. Уақытша науқан болса да, бос қолға табылған іске егістік басында жүрген жиырмаға жуық адамның көңілі тоқ.


Нұржаппар ИСАХМЕТОВ – «БЕКЕН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ


Қызылша бастыру жұмысы қазан айының ортасында басталған. Бүгінге дейін 50 гектары жиналып үлгерді. Сәтін салса, бір жетіде тәтті түбірді жинап бітіреміз, дейді дала еңбеккерлері.


Ауданбек ЕРУБАЙ – ТАЛАС АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ


Бұдан бөлек, Үкімет қызылшаның әр келісіне 12 теңге субсидия беріп отыр. Ал мұндағы әр қызылшаның салмағы екі жарым келіге дейін жетуде. Күніне 250-300 тоннадай балтамыр қант зауытына жөнелтілуде. Шаруаның бабын білетін кәсіби диқандар әр гектарынан шамамен 400 тонна өнім аламыз дейді. Мұндай жоғары көрсеткіш аудан үшін үлкен жаңалық. Шаруа қожалығы өз иелігіндегі 270 гектар суармалы жерінің 15 гектарына алдағы жылы пияз егуге дайындап та қойыпты. «Күте білсең, жер жомарт». Жер ананың төсін еміп, табысқа кенеліп отырған еңбеккерлердің ісі көпке үлгі.


Дереккөз: taraztv.kz


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.