• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Т.Рысқұлов ауданы. Луговой рельс дәнекерлеу зауыты.

«Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны» Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. 1988 жылдың 1 тамызында құрылған кәсіпорынға биыл 30 жыл толды.
Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорыны оңтүстік өңірлік жолдар шаруашылығындағы рельстерді дәнекерлеу және рельстерді жөндеуден өткізу қажеттілігі бойынша үлкен жетістіктерге ие. Мұндағы рельстерді темір жол магистралындағы жаңа құрылыс телімдерінде, жөндеу жұмыстарында кеңінен қолданады.
Бүгінгі таңда кәсіпорында 291 адам жұмыспен қамтылып, тынымсыз еңбек етуде. Бүгінде кәсіпорынды білімді де білікті басшы Бақтияр Түлеков басқарып келеді.
Мекемеде рельс дәнекерлеу цехы, жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасы, балқыту колоннасы, автокөліктер цехы, машиналарды және механизмдерді жөндеу цехы, рельс тасымалдау құрылымы, ескі жарамды рельстерді жөндеу цехы, бу қазандық цехы жұмыс істейді.
Цехта төрт айналым бойынша күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс атқарылады. Түйістірілген рельс бұрнақтарының ұзындығы 800 метрге дейін жетеді.
Рельс дәнекерлеу цехынан шыққан рельсті жол дистанцияларының сұраныстары бойынша керекті жерге жеткізуді рельс тасымалдау құрылымы атқарады. Онда рельс тасуға арналған арнайы вагондар жасақталған.
Күндізгі және түнгі ауысымдардан шыққан жұмысшыларды арнайы автобус жеткізіп отырады.
Бірқатар теміржолшылардың қосымша мамандық алып, біліктілігін арттыру мақсатында Тараз және Астана қалаларындағы оқу орталықтарында курстардан өтіп тұрады.
«Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ жұмысшыларымен 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт негізінде қарастырылған барлық жеңілдіктерді сақтап, жұмысшылардың денсаулықтарын жақсарту, балаларының жазғы демалыстарында лагерьге баруына барлық жағдай жасалған.
Зейнеткерлер, жұмысшылар және олардың отбасы мүшелеріне жолаушылап қайту үшін жылына бір рет темір жол көлігімен тегін жүру жеңілдігі де қарастырылған.
Бүгінгі таңда кәсіпорынының еңбек ұжымы ағымдағы жылды табысты қорытындылау үшін жұмылып еңбек етуде. “Луговой рельс дәнекерлеу” кәсіпорнының теміржолшылары ел экономикасын көтеру жолындағы игілікті іске алдағы уақытта да үлес қосып, абырой биігінен көріне бермек.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.