• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Парламент мәжілісінің депутаттары Шу ауданының тұрғындарымен кездесті

Елбасының қазан айында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында  Парламент мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Кәрібай Мұсырман Шу ауданының тұрғындарымен кездесті.   


Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған биылғы Жолдаудың алғашқы басым бағыты халық табысын арттыруға арналғандықтан, халық қалаулылары түсіндіру жұмысын осы мәселеден бастады. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мыңға дейін 1,5 есеге өсетіндігі жайында кеңірек түсіндірді. Депутаттың айтуынша, қазір елімізде 800 мыңнан аса азамат еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр. Ал олардың жалақысы көп дегенде 30-40 мың теңгенің көлемінде. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Парламентке жұмыспен қамтуға байланысты бірыңғай жиынтық төлем енгізіп, келер жылдан бастап осы төлем арқылы жұмыс жасауды тапсырған. Енді еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар «тәуелсіз жұмыскер» ретінде үкімет назарында болады. Егер, азамат еңбек шартынсыз қалада жұмыс істейтін болса ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 2525 теңге, ал ауылда еңбек ететін болса, 1300 теңге Үкіметке төлем төлеп отыратын болады. Ал жиналған осы қаржы кейін зейнетақы ретінде төленеді. Сонымен қатар, 2020 жылы енгізілгелі жатқан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы да толыққанды медициналық қызмет ала алатын болады.  Елбасы Жолдауына байланысты елімізде бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 270 мың адамның еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі деп күтілуде. Нақты айтқанда, іс жүргізушілер, хатшылар, операторлар, балабақша тәрбиешілерінің көмекшілері, тіркеушілер және тағы да басқа жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақылары 43 мыңнан 46 мың теңгеге дейін, ал әкімшілік персоналдардағы есепшілер, экономистер, аудармашылар, техниктер, заңгерлер, әдістемешілердің айлық ақысы 48844 теңгеден 52383 теңгеге көбеймекші. Сонымен қатар, орта арнаулы оқу орнын бітірген, екі жыл еңбек өтілі бар мейірбикелер, лаборанттар, мұғалімдердің де еңбекақысы 51 мың теңгеге дейін көтерілмек. Кездесуге келгендердің қатарында мұғалімдер саны басым болғандықтан, К.Мұсырман сөз соңында Жолдаудың мұғалімдерге арналған тұсын да тыңғылықты түсіндіріп, келер жылы ұстаздар қауымы қоғамдық жұмыстардан, жөнсіз тексерулерден, міндеттен тыс жұмыстардан босатылатындығы көрсетілген «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы жатқандығын атап өтті.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.