• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Қордайда қарилар дайындайтын медресе ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Серікбай қажы Ораздың Жамбыл облысындағы екі күндік сапары барысында, Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы «Қордай» медресесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Медресенің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Алау Әділбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр Жұмабаев және аудан имамдары мен ауыл тұрғындары қатысты.


Салтанатты жиында Серікбай қажы Ораз бен Жангелді Омаров құттықтау сөзін арнап, жас буынның игіліне ашылып жатқан оқу орталығының қызметіне табыс тілеп, алдағы уақытта шетелдік күмәнді діни оқу орындарына шығудың қажеттігі жоқ екендігін және отандық діни оқу орындарында білім алудың артықшылықтарын атап өтті.


Игі шарада жергілікті жамағатты құттықтаған ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы:



  • Аллаға шүкір, еліміздегі ұлтаралық, дінаралық татулықтың нәтижесінде сəулеті көркем зəулім мешіт пен медреселер бой көтеруде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарымыздың дəстүрлі діни білім алуына барынша мүмкіндік жасауда. Бұл бағытта көптеген жобалар жүзеге асуда. соның бірі – медреселер мен қарилар орталығын ашу. Өздеріңіз білесіздер, Алматыдағы “Нұр Мүбəрак” университетінде жоғары діни білім алуға толық мүмкіндік  бар. Алла Тағала құран жаттаған пендесінің абыройын екі дүниеде арттырып қояды. Осы медреседе тəлім алған шəкірттер еліміздің рухани дамуына үлес қоса берсін”, – деді. Масаншы ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Дидыр Двумаров медресенің ашылуына ат салысқан барша азаматтарға және Серікбай қажы Ораз бен Жангелді Омаровқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.


«Қордай» медресесінде алпыс шәкірт білім алады. Шәкірттерге бастауыш діни білім беріліп, Құранды мәнерлеп жатқа оқу дағдылары үйретіледі. Медресені екі жыл он ай оқып шыққан түлектерге бастауыш діни білім алғандығы және Құранды жатқа білетін «қари» екенін растайтын сертификат тапсырылады.


Шәкірттердің медресе ғимаратында жатып оқуына барлық жағдайлар жасалынған. Жатақхана мен жуыну бөлмелері, асхана мен оқу сыныптары заманауи жиһаздармен жабдықталған. Медресенің алдағы уақытта үздіксіз қызметін қамтамасыз етуді жергілікті кәсіпкерлер өз жауапкершіліктеріне алуда.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.