• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

ЖАЗИРА ЖАППАРҚҰЛ - ОЛИМПИАДАНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Кеше ғана Рио-Де-Жанейро қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеде ОҚО, Арыс қаласының тумасы Жазира Жаппарқұл жергілікті уақыт бойынша 00:35-те ауыр атлетикадан Отанымыздың намысын қорғайтын болады деп бір қобалжып, бір қуанып елеңдеп отырған едік. Қазақтың қайыспас қайсар қызы Жазира ел үмітін ақтады! Бүгін Бразилияның Рио-Де-Жанейро қаласында кіл мықтылар жиналған олимпиада төрінен қуанышты хабар келіп жетті. Ауыр атлетикадан Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданының ару қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлде еншіледі. Қазақ қыздарының зілтемір көтеруден әлемдік сайыста иеленіп отырған тұңғыш күмісі. 69 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірші қыздардың бәсекесінде ел намысын қорғаған Жазира серпе көтеруде алдымен 111, кейін 115 келіні бағындырды. Алайда, үшінші мүмкіндігінде Жазираға 117 келі бағынған жоқ. Ал Жазираның басты қарсыласы қытайлық атлет 116 келіні бағындырды. Алтын медаль Жазирадан екі келі артық көтерген қытайлық қыздың еншісінде кетсе, қоланы мысырлық атлет иеленді. Жазира қызымыз күмісті қақты. Еске сала кетейік, қазақ қыздары бүгінге дейін Олимпиада тұғырына көтерілген емес.
Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 8 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Жаттықтырушысы - Рашит Төлегенов. Ол жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Мұндай ерен жетістікке бұрын-соңды ауыр атлет қазақ қыздары қол жеткізбеген. Қазіргі сәтте еліміздің түкпір-түкпірінен жолданған алғысқа толы сөздер мен құттықтаулар ағылып жатыр. "Қазақ осы күнді армандағалы қашан? Қуанышымда шек жоқ. Жүлдемді қазақ еліне арнаймын. Төрт жыл төккен тердің жемісін, міне, бүгін көрдім. Бұл үлкен жаттығумен келген еңбектің жемісі. қуаныштан басым айналып тұр", - деп атап өтті Жазира. Ол күллі Қазақ елінің мәртебесін биікке көтерді. Жаса, Қазақ!


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.