• Бүгін: 17.07.2019

Ауылда аула клубы ашылды

Соңғы уақыттары аула клубтарын аймақта тұратын балалар мен жасөспірімдердің бас қосатын, шығармашылық идеяларын жүзеге асыратын және бос уақыттарын тиімді өткізетін негізгі орынға айналып келеді. Енді Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының жастары да бұдан былай бос уақыттарын тиімді өткізетін болды. Өйткені жақында ғана ескі амбулатория ғимаратынан аула клубы ашылды. Мұнда келушілер үшін алты үйірме жұмыс істейді. Олар спортпен айналысып, ұлттық өнерден сусындап, би үйреніп тіпті ағылшын тілін меңгеруіне де мүмкіндік бар. Аула клубы бір ай бұрын ашылған. Сондықтан қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдер тұрып жатқан аймақтағы аулалық клуб ойдағыдай жақсы жұмыс істесе, онда балалар үшін қызықты, демалатын, достарымен  уақытты пайдалы өткізетін тиімді орын болмақ. Аула клубтары - балалар мен жасөспірімдерге арнап мәдени шаралар өткізуді ұйымдастыру  арқылы оларды даладағы зиянды нәрселерден аулақ ету үшін құрылады.  Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын өткізуді, шығармашылық қызығушылықтарын қолдауды, салауатты өмір салтын насихаттауды, жастарды ұлттық өнерге баулуды ұйымдастыру  екені сөзсіз. 


Жуалы аудандық білім бөлімінің «Аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ақбота Қаңтарбаева: - Бұл ауыл аудан орталығынан кейінгі халқы көп қоныстанған ең үлкен елді-мекен. Өткізілетін іс-шаралардың балаларға қызық, нақты көрінетін нәтижесі бар, жаңалыққа толы болуы керек. Сонда ғана балалардың шығармашылық қабілеті артып, ішкі сұраныстары қанағаттандырылады. Үйірмелерге келетін балалардың жасы жеті жас пен он сегіз жас аралығын қамтиды. Балалар өз кезегінде клубқа жазылып жатыр. Сондықтан, мұндағы жетекшілер мен ата-аналардың көңілі қош, - дейді.  Қазірдің өзінде үш жүзден аса балалар сабақтан кейін осында асығады. Сүйікті ісін серік етіп, шеберліктерін шыңдауда. Мұнда болашақта әнші, биші болғысы келетін балалар бар. Аула клубтары балалардың қабілетін арттырып ғана қоймай, қай баланың бойынша бұғып жатқан өнері бар, соған бағыт-бағдар бере біледі. Сондықтан алдағы күндері де ауылдық жерлерде аула клубтары дами бермек.


 


 


 


 


 


 


 


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.