• Бүгін: 25.08.2019

Темірбек ауылында тындырымды тірліктер көп

Өткенін біліп, келешегін бағдарлаған жас өреннің, сан ғасырлық тарихтың тереңіне бойлап, туған жерге деген сүйіспеншілігі одан ары арта түсетіні анық. Міне, сондай берекесі мен бірлігі жарасқан ауылдың бірі - Темірбек ауылдық округі. Округ құрамына «Тегістік», «Сарыбарақ», «Шахан» ауылдары кіреді. Кезінде ауыл жүзім егумен аты дүркіреп танылды.


Қазіргі таңда Темірбек ауылдық округінің жер көлемі 30582 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық алқабы 22490 гектар, егістік жері 2862 гектарды құрайды. Округке Сарыбарақ ауылында дүниеге келген Темірбек бабаның есімі берілген. Облыс орталығынан 50  шақырым, ал аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан мекенде халық саны 2400 адамнан асады.


Округте Ә.Жанқұлиев, Сарыбарақ және М.Әуезов атындағы орта мектептері, Тегістік ауылдық дәрігерлік амбулаториясы және Шахан, Сарыбарақ ауылдық дәрігерлік тіректері жұмыс істейді. Тегістік ауылында орталық кітапхана халыққа қызмет етуде.
Қасиетті мекеннен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, айтыскер ақындар Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков және ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр, техника ғылымдарының докторы, академик Қосы Сматов, экономика ғылымдарының кандидаты Айжан Асилова,  тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Қойгелдиева, өнер тарланы Ерік Жуасбеков, Ақмола облысының сот төрағасы  Досжан Әміров, белгілі  композитор Есжан Әміровтің кіндік қаны тамған. 
Қазіргі таңда округте 51 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Ісі өрге басқан «АС», “Ербол, “Бақ-береке” шаруа қожалықтарының жетекшілері ауылда өтетін түрлі іс-шараларға белсене қатысып отырады.


Елбасының  биылғы Жолдауындағы басым бағыттарды іске асыру бойынша біраз жұмыстар қолға алынуда. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмысы жүргізілуде. Таза ауыз су жүйесі іске қосылды.


Жалпы округте қолға алынған жұмыстар аз емес. Ең бастысы, елдімекендердегі түйінді мәселелерді шешу мен ел бірлігін нығайтудың маңыздылығы округ әкімі мен Темірбек ауылдық ардагерлер алқасының назарынан түспейді. Мереке қарсаңында Темірбек ауылдық округіне қарасты Сарыбарақ ауылында да медициналық пункт ашылды. 678 халқы бар ауыл тұрғындары енді сапалы медициналық қызмет ала алады. Ғимарат қажетті заманауи құралдармен жабдықталып, жиһаздар жаңадан алынған. Енді дертіне дауа іздеген тұрғындар қажетті көмегін ауылдан ала алады. Жаңа нысан тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Кең, жарық, жылы ғимараттың құрылысын «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.