• Бүгін: 25.08.2019

Жаңа нысандар - ел игілігіне

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Темірбек ауылдық округіндегі Шахан ауылында әлеуметтік маңызы бар нысан медициналық тіректің  ашылу салтанаты болып өтті. Іс-шараға аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов және ауыл тұрғындары қатысты. 
Қуанышты сәттерімен тұрғындарды аудан басшысы және Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов құттықтап, мердігер "Шынбота" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылық сезімдерін білдірді. Рахматілдә Сегізбайұлы аудан аумағындағы он бір елдімекенде соттың шешімімен апатты жағдайда деп табылған денсаулық сақтау нысандарының былтырғы жылы үшеуі пайдалануға берілгенін, ал, үстіміздегі жылы жеті бірдей медициналық тірек жекеменшік әріптестік негізінде ел игілігіне ұсынылып отырғанын жеткізді. 
Өз кезегінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков медициналық тіректің аға мейірбикесі Алия Аскановаға символдық кілтті табыс етті. Ауыл қариялары Мұхамеджан Садырқұлов пен Қырықбай Айнақұлов жаңа әлеуметтік нысанның лентасын салтанатты түрде қиған соң, қонақтар бес келімге арналған медициналық тіректің ішін аралап көрді. 
Кабинеттер толықтай аппараттармен жабдықталып, жұмысқа білікті мамандар ауылдағы 703 тұрғындарға қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға көмек көрсетіледі. Әсіресе, денсаулығына жиі шағымданатын қарттар үшін. Енді олар кез келген мәселе бойынша жергілікті мамандарға жүгіне алады. Сондай-ақ, Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылында бес келімге арналған медициналық тірек ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, нысанның мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға беріліп отырғандығын жеткізді. Бұдан соң  сөзді алған  Дихан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев, еңбек ардагері Әуесбай Абдуалиев халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қолға алынған игілікті істердің жемісін көріп отырғанын айтты. 
Құрылысты жүргізген  мердігер «Талас құрылыс» ЖШС-інің басшысы Асан Айтқұлов нысанның символдық кілтін аға мейірбике Роза Бакинаға табыстаған соң, лента қиылып, шашу шашылды.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.