• Бүгін: 19.10.2019

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

 «Жаңа өмір» жобасы аясында пробация қызметінде есепте тұрған жастар арасында футбол лигасының ашылу салтанаты өтті.


Алғаш рет ұйымдастырылған футболдан жарысқа Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мұрындық болды.


Басты мақсат – жастар  арасында патриоттық тәрбиені күшейту және  салауатты өмір салтын насихаттап, қайтадан қылмысқа баруына жол бермеу.


Жарысқа Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында пробация қызметінде есепте тұрған барлығы 44 жасөспірім қатысты.


Әр аудан бір командадан жасақталып, өзара кіл мықтыны анықтады.


Салтанатты шараны Департамент басшысы Ә.Көмекбаев, Шымкент қаласы Абай ауданының прокуроры, әділет аға кеңесшісі Ж.Әділбайұлы, Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД-нің Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Т.Байдаулетов, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Н.Тәңірбергенов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өмірде тек жақсылыққа ұмтылуға кеңес берді.


               «Салауатты өмір салтына жастарды баулу адамды тұлға ретінде қалыптастырады, өз әрекеттеріне жауапкершілік сезімін тудырады және жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесіне көмектеседі. Болашақта мұның бәрі біздің жастардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастырады» - деді Әли Амантайұлы.


Шымкент қаласында оқшаулаусыз сотты болған (пробация қызметінде есепте тұрған)  азаматтардың жалпы саны - 1434 (Абай ауданында 420, Әл-Фараби ауданында - 226, Еңбекші ауданында 440 және Қаратау ауданында - 348)  ал, қоғамнан шеттеліп қалған немесе маргиналды жастар үлесі  8,3 пайызды құрайды.


Мұндай жастар қала базарларында шоғырланып, олар әлеуметтік мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен мүмкіндіктерден бейхабар деуге болады. Осы жастардың өмірге деген көзқарасын өзгерту мақсатында оларды әлеуметтендіруіміз қажет.


«Маргиналды жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысқа, тұтас өмірге деген көзқарасын өзгертуді жүзеге асыратын арнайы жобаларымыз да бар. Бұл жоба арқылы маргиналды жастар қалада жастарға қатысты көптеген шаруамен, атап айтқанда: қолжетімді білім, жұмыспен қамту, баспана мәселесімен хабардар болуын қамтиды» - деді Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Н.Тәңірбергенов. 


«Жаңа өмір» жобасы аясында пробация қызметінде есепте тұрған жастар арасында футбол лигасын өткізу Шымкент қаласының прокуратурасының бақылауындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактиканы да жүзеге асыру болып табылады.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.