• Бүгін: 24.06.2019 |$1 = ₸378.53

ШАРУАЛАРҒА АРНАЛҒАН ПОЛИЭТИЛЕН ӨНІМДЕРІН ҚОЛҒА АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  Жетісай ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар шаруа қожалықтарындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ең алдымен өңір басшысы Ш.Ділдәбеков ауылдық округі Сырабат ауылындағы Хамит Тұрсынбековтың «Ынтымақ –10» шаруа қожалығына атбасын бұрды. 


 Қожалық биыл 3 гектар жерге ерте көктемгі қырыққабат отырғызса, 5 гектар жерін бақша егуге дайындап отыр. Қырыққабат дақылы  сәуір айының ортасында алғашқы өнімін бере бастайды. Мұндағы өнімдер негізінен Ресейге жөнелтілмек. Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 1200 гектарға жуық жерге ерте көктемгі қырыққабат отырғызылған.  Шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысқан Өмірзақ Естайұлы көктемгі ерте егілетін дақылдардың тиімділігі мол екенін және мұндай егіс көлемін жыл санап арттыру қажеттігіне тоқталып, сондай-ақ, жабындыларды шетелдік емес, отандық өнімдерді пайдалану керектігін айтты.


«Жалпы Жетісай ауданында ерте көктемгі дақылдар егу үрдісі бұрыннан бар. Осы істі мықтап қолға алған жөн. Өйткені, ерте егістіктің пайдасы жылыжайдан да тиімді болуы мүмкін. Сондықтан осы жайтты да ескерген жөн. Сонымен қатар, ерте егілетін егістікке қажетті полиэтилен өнімдерін қайта өңдеу ісіне де мән беруіміз қажет», – деді Өмірзақ Естайұлы.


Өңір басшысы  Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығының егістік алқаптарындағы агротехникалық шаралардың барысымен де танысты.   Аз шығын жұмсап, көп өнім алуда заманауи технологияларды пайдаланудың артықшылығын айтып,  шаруаларға мемлекеттен барлық қолдау болатынын жеткізді.


Бүгінде қожалық иелігінде 497 гектар егістік жер бар. Биыл мұнда  197 гектар жерге мақта, 188 гектарға бақша дақылдарын, 92 гектарға жоңышқа, 20 гектарға дәндік жүгері   егуді жоспарлап отыр.


Облыс басшысының назарынан Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Кернеу-лимитед» ЖШС-нің К-30 каналындағы бетондау жұмыстары да тыс қалған жоқ.


Өңір басшысы егістікке су  уақытында, қажет мөлшерде жетуі үшін  канал жұмысын жылдамдатып, тезірек ел игілігіне тапсыру қажеттігін жүктеді.


Бұл жұмыстардың тапсырыс берушісі – «ҚазСушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны.  Жобаның жалпы құны – 6 078 225,1 мың теңге. Қазіргі таңда игерілгені   3 342 085,8 мың теңгеге жетіп отыр. 2012 жылы бастау алған нысанның құрылысы 2020 жылы аяқталады деп күтілуде.


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.