• Бүгін: 24.04.2019 |$1 = ₸378.92

ЖҮЗІНЕН МЕЙІРІМ ТӨГІЛГЕН МАНАТ

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз –Шымкент қаласының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері  Манат Төлепбергенқызы. Манаттың бір көргеннен кісіні баурап алатын қасиеті бар, жылышырайлы, қонақжай, қазақы мінезді, кең пейілді келіншек. Жаратқан Ием сол көл-көсір пейіліне берген бе, бұл күнде жеті баланың анасы атанған Манаттың дастарханынан дәм татып, бүгінгі бала тәрбиесі, ана мен бала хақында әңгіме шертістік. 


Жалпы, қазақ аналарының тарихына көз жібертсек, біздің ұлтымызда алтын құрсақты аналарымыз көп болған ғой. Тіпті, әріректе 18-19 балаға дейін өмірге әкелген аналарымыз жайлы естуші едік. 1930 жылдардың аштығы, қуғын-сүргін құрбаны, одан зұлмат соғыс жылдарында әбден тоқырап, жұтап, азайып қалған қазақ халқы ізінен ерер ұрпаққа сусап еді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», «әр баланың өз несібесі бар» деп әр сәбиі дүниеге келгенде бөркін аспанға атып қуанатын қазақтар кешегі күнге дейін он баланы дүниеге әкелуді әдетке санады. Тек тоқсаныншы жылдары нарық заманы келгенде, бұл көрсеткіш күрт азайды. Он бала тапқан аналарымыз ілуде бір кездесіп, кейін егемен еліміз еңсе тіктей бастағанда, қайтадан жас келіншектер «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» медалін иелене бастады. Бұрынғы көзкөрген алтын құрсақты аналарымыздың ізін жалғағандай...  


Десек те, мойындауымыз керек, қазіргі таңда бес-алты, жеті-сегіз баланы дүниеге әкеліп, оларды қатардан қалмай оқытып-тоқытып, өмірдің дұрыс арнасына салып жіберу оңай емес. Біз қонақ болған Бөгенбаевтар отбасында, Манаттың өмірлік серігі – Болат Бөгенбаев өзіндік ұстанымы бар, түсінігі кең, тәртіпті жаны қалайтын, парасатты азамат болып шықты. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», міне, бүгінгі әке мен ана қандай болу керек дегенде, шаңырақтың иесі Болат пен жары Манатты көрсетуге болар. Себебі, отағасы Болат та, Манат та өсіп-өнген үбірлі-шүбірлі жанұяның перзенттері. Манат небәрі жиырма жасында Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылындағы Бөгенбаевтар әулетіне келін болып түсті. Тоғыз баланың тұңғышы Болаттың жары болғанына  Манат өзін бақытты сезінбесе, еш өкінген жоқ. Үйде көпті көрген ата-енесі, үш қайнысы, бес қайынсіңлісі болды. Жолдасы Болат – бір сөзді, айтқан сөзінде тұратын, қиындыққа мойымайтын жан. Мектеп бітіріп, техникумда оқыды, Германияда әскери борышын өтеді.  


- Биыл ата-енемнің отасқанына 50 жылдан асты. Маған анамдай болып, ақылын айтып, өнеге болған енем де 9 перзенттің анасы. Біз үлкен отбасымыз, - дейді Манат. Манат отағасы Болат екеуі де жоғары білім алған, алайда, азын-аулақ  жалақыға қарап қалмай, бір кездері заман талабына сай шағын кәсіпкерлікпен  айналысты, азық-түлік дүкенін жүргізді. Сол кездері Манат кішкентай балаларынан қолы қалт еткенде, отағасына көмек беретін. Екеулеп жүріп, зәулім үй салды, қайынсіңілдерін ұзатты, қайындарын аяқтандырды. Ата-енесінің қас-қабағына қарады, алдынан кесе-көлденең өтіп көрген жоқ, әулеттің емес, ауылдың ибалы келіні болды. Уақыт деген зымырап өмір жатыр емес пе, әне-міне дегенше жиырма жылдың ішінде өз балаларының  да алды өсіп қалыпты. Мұның барлығы әрине жан-жары Болаттың арқасы. Жолдасы жас кезінде өзінен кейінгі бауырларымды жетілдірсем, әкеме қолғанат болсам деп армандаған. Өзі ойлағанындай, Алла Тағала жар болып, бұл күндері бауырларының өз қолдары ауыздарына жеткен, әрқайсысы өз тіршіліктерімен. «Ағасы бардың жағасы бар» деген осы.
Қазір Манат мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Болат құрылыс саласында жеке кәсіпкер ретінде бір отбасыны асырауға жететін нәпақасын тауып жүр. Бөгенбаевтар шаңырағының тұңғышы – Ақниет Болатқызы биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша 3-курсты тәмамдамақ. Ал інісі Қасиетхан – колледж студенті. Әсетхан, Әлихан, Мұхаммеджан, Ахметжан есімді бес ұлдан кейін Тоғжан есімді тәтті қыз бар.


– Бала бағу, оған ең жақсы тәрбие беру, әр перзентке жеке өзіне ыңғайлы жағдай жасау, көңіл бөлу – ананың негізгі шаруасы. Көпшілік «балаға дұрыс тәрбие беру үшін үлкен төзім мен сабыр керек» дейді ғой. Менің ойымша, төзім мен сабырдың қажеті жоқ. Аналық махаббат болса, әйел адам баласының әр қылығына сүйсіне отырып, оған жақсы тәрбие беруді өзіне мәртебе санайды, – дейді Манат Төлепбергенқызы. Байқағанымыздай, Болат пен Манат екеуі де балажан. Алла елшісі  Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамның ең жаманы отбасына киыншылық көрсеткен кісі» деген. Түндігі бүтін, түтіні түзу отбасы болу үшін ер мен әйел бір-біріне сыйластықпен қарауы маңызды. Әр бір адам  отбасы  мәселесіне даналықпен, ақыл парасатпен қарап, балаларына дұрыс тәрбие, саналы білім беруге міндетті. Бөгенбаевтар отбасын үлгілі, балаларына оң тәрбие беріп отырған, бір-біріне сыйластықпен қарайтын ерлі-зайыптылар деуге болады. Қазақ елінде осындай бақытты отбасылар көп болсын. 


 Құралай Ахметова


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.