• Бүгін: 26.06.2019 |$1 = ₸379.81

Саян Керімбекұлы МЕКЕНБАЕВ, Шымкент қаласының №10 күрес түрлерінен БЖСМ директоры: ЕЛ МАҚТАН ТҰТАР СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ЖЕТЕРЛІК

Саян Керімбекұлы, алда 2020 жылы Токио Олимпиадасының ойындары келе жатыр. Сіз басқаратын спорт мектебінде талай әлем чемпиондары шыққанын жақсы білеміз. Бүгінгі баптарының қалай? Бұл спорт мектебінде спорттың қай түрі алда келе жатыр?


 - Иә, келер жылғы Токио Олимпиадасына үміткер болу біздің басты мақсаттарымыздың бірі.  Палуандарымыз олимпиадаға лицензия алу үшін, жарыстарға қатысуға дайындық үстінде. Шымкент қаласы бойынша күрес түрінен спорт мектебі болған соң, мұнда негізі күрестің  алты түрі қамтылған. Олар дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, самбо, белбеу күресі. Осы күрес түрлері бойынша  дайындаған палуандарымыз Республикалық, Халықаралық жарыстарға және  әлем чемпионаттарына жас ерекшелігіне қарай  шығып жатыр. Соның ішінде бізде алда келе жатқан грек-рим күресі бөлімінің палуандары.


2018 жылы Венгрияда өткен грек-рим күресінен 67 келі салмақтағы Мейіржан Шермахамбет атты палуанымыз ересектер арасында әлем чемпионатында үшінші орын алды. Қазір оқу жаттығу-жиынында Сочида жүр. Сол жақтан Грузияға өтіп, әрі қарай оқу-жаттығу жиындарын   жалғастырмақ. Алла бұйыртса, осы екі оқу-жаттығудан кейін сәуір айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысады. Қыркүйек айында Астанада әлем чемпионаты өтеді. Бұл әлем чемпионаты 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия беретін жарыс. Яғни, бірінші орыннан  алтыншы орынға дейінгі әр салмақта ұтып алған палуандарға берілетін мүмкіндік.


-Қазіргі жасөспірімдеріміздің спортқа құлшынысы қандай?


-Күрес бойынша айтатын болсақ, біздің залға қыркүйек айында бала сыймай кетеді. Қыс мезігілінде кішкене саябырсиды. Алты күрес түрі бойынша спорт мектебімізде 840 бала  жаттығу жасайды. Сондай-ақ қосалқы тізімде екі жүзге жуық бала бар, ұзын-саны 1000-ға тарта бала жаттығу жасайды десек болады.


-Елбасы әр жыл сайынғы Жолдауында спортқа көңіл бөліп отырады. Әсіресе, бұқаралық спорттың қол жетімді болуы жөнінде жиі айтылып жүр. Көпшілік халықты спортқа баулу үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?


- Иә, Елбасымыз жылдағы Жолдауында  спорт нысандарының қолжетімді болуын сонымен қатар халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануы жайлы айтады. Алдыңғы  Жолдауларында ең кемінде халықтың 30 пайызы спортпен шұғылдану керек деген болатын. Соған сай болуы үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті жасап келеміз. Жасөспірім оқушылардан бөлек бізде университтердің және колледждердің студенттері де өзіміздің залға келіп жаттығу жасайды. Біздің мектепте бас-аяғы 45 жаттықтырушы бар, оларды алты күрес түріне бөлгенде 7-8 жаттықтырушыдан тиеді. Міне, осы бапкерлеріміз өзіміздің «Сұңқар» залынан бөлек, қаланың 7-8 жалпы орта мектептерінің  спорт залдарында балалармен жаттығу жүргізеді. Мысалы, 11-шағын ауданында №40 мектепте екі жаттықтырушымыз, қаланың шеткері орналасқан мөлтекаудандары  Қазығұрт, Бозарық, Құрсай, Достық және Жаңаталаптардың жалпы орта  мектептерінде біздің жаттықтырушыларымыз жаттығу жүргізуде . Біз жалпы орта мектептермен тығыз байланыстамыз.  Бір жағынан бұл әдіс ата-аналар үшін де, бала үшін де тиімді. Ең біріншіден уақытын жоғалтпайды, өзінің үйіне жақын мектептің залында жаттыға алады. Ал, қаладағы спорт мектебіне бару үшін қоғамдық көлікпен жүргенде көлік кептелісіне тап болуы мүмкін, кешіксе ата-анасы уайымдайды.  Сондықтан қолайлы болсын деп жаттықтырушыларымыз жалпы орта мектептердің залдарын қамтамасыз етеді. Залға қажетті күрес кілемдерін, татамилерді спорт мектептен апарып береміз. Бұл ретте айта кеткеніміз жөн, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы біздің бастамаларымызды әрдайым қолдап, қаражатпен және керекті спорттық құралдармен көмектесіп отырады .


-Жаттықтырушылар арасында кімдерді үлгі тұтып, кімдермен мақтана аласыздар? Жетістіктеріңіздің өзі бір төбе болар...Шәкірттеріңіздің арасынан болашақта кімдерден үміт күтесіз?


-Палуанымыз Әділжан Ыстыбаев жастар, ересектер арасындағы Азия және Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Белбеу күресінен Аманханова Ғалиябану деген қызымыз бар, ол да жасөспірімдер, жастар арасында  әлем чемпионы болды,  самбодан Гаухар Тұрмағанбетова деген қызымыз бірнеше дүркін Азия, әлем чемпионы болды. Қазіргі таңда бұл қызымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде оқытушы болып жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек қаншама спортшыларымыз бар. Өте көп. Самбодан Әбдіхамит Әбдіразақ деген палуанымыз барша Азияны да мойындатқан. Сонымен қатар, Қалдар Қасымбаев деген палуанымыз самбо, әскери самбо және джю-джису күрес түрлері бойынша әрі жаттықтырушы , әрі спортшы. Қарап отырсаңыз, мұның өзі балаларға берілетін үлкен тәлім-тәрбие. Ұстаз баланы жаттықтыра жүріп, өзі де жарыстарға қатысады. Мұндай кезде балаларда стимул пайда болатыны анық. Одан бөлек қалалық басқарманың аға-жаттықтырушысы, өзіміздің жаттықтырушымыз, Отырар ауданының Құрметті азаматы, ҚР Президентінің  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының иегері  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бірнеше дүркін Азия, Әлем чемпиондарын дайындаған Құралбай Орынбасарда осы мекемеде жаттығу жүргізеді.


-Алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме? Бала кезден спортқа құмарттыңыз ба? Кім болсам деп армандаушы едіңіз?


- Төле би ауданында туып-өстім. Бала кезімізде ауылдағы мектепте бір ғана дене шынықтыру пәні оқытушысы болатын, ол менің әкем еді. Әкем спорттың адамы болғаннан кейін, бәрімізді спортқа баулыды. Ол кісі өмір бойы бір спорт түріне байланып қалған емес. Үйдегі біздерді күрестен басқа дойбы, шахмат, жүгіру , волейбол, баскетбол бәріне қатыстырды. Отбасында төрт ұл, бір қыз болдық, мен үйдің үшіншімін. Ес біле келе спорттың бір түріне тоқтай бастадым. Әйтпесе, 1-6 сыныпқа дейін дойбыдан және шахматтан  аудандық, облыстық жарыстардан қалмай,  алдыңғы орындарды ұтып жүретінбіз. Анам қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Әкенің жолын қуу маған тиген екен, жасөспірім шақта еркін күреспен, қазақ күресімен және самбо күрестерімен аудандық, облыстық жарыстарда күресе  жүріп, 1989 жылы Шымкент қаласының дене тәрбиесі техникумына оқуға түстім. 1991 жылы оны бітіріп, бір жыл ауылда жаттықтырушы болып жұмыс істеп, қайтадан спорт саласын әрі қарай жалғастыру мақсатында 1992-1996 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны тәмамдадым. Әдетте жастардың көпшілігі мамандық таңдайтын кезде алдымен техникумға түсіп, кейін заңгерлікке, кеден саласына қарай ойысып жатады. Мен тек спортты ғана таңдап, спорттағы білімімді жетілдіріп шықтым. 1996 жылдары елдің бәрі сауда-саттықпен айналысуға көшкен заман ғой, мен бұл шақтарда университетте ең жас маман болып жұмыс істей бастадым. Осылай өзім оқыған университетте он екі жылдай, 2006-2007 жылдарға дейін денешынықтыру және спорт факультетінде оқытушы,  аға-оқытушы, кафедра меңгерушісі, деканның тәрбие, оқу ісі жөніндегі  орынбасары қызметтерінде жұмыс істедім. 2007-2009 жылдары спорт мектебіне толыққанды әдіскер болып ауысып кеттім. Әдіскерлік жұмыстарды атқара жүріп, кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін оқу спорт жөніндегі орынбасары болдым. 2017 жылдан бастап осы спорт мектебінің директоры болып тағайындалдым.  Әкем: «Тал-дарақ бір жерде көгереді» деп айтатын. Осы қағиданы ұстанып ержеттік, сол себепті бір салада жүріп, тәжірибе жинақтап, жетістікке жеткен жайым бар.


 


-Жанұяның жөнінде айта кетсеңіз, ат тұяғын тай басар, ізіңізді жалғап, өзіңіз секілді спортшы болатын ізбасарыңыз бар шығар...


- Алланың берген үш қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызым жоғары оқу орнын биыл бітіреді, екінші қызым университте екінші  курс оқып жатыр. Екінші қызым балабақшада жүргенде-ақ көркем гимнастикаға бейім болды. Содан бес жасынан қатысты, ол қызымның балалық шағы болған жоқ. 10-11 класқа өткенге дейін гимнастикамен шұғылданды. Қаланың, облыстың, еліміздің құрама командасында болып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаздармен жүлдегерлер қатарында болды. Сонымен қатар,  Еуропаның да жарыстарына қатысып келді. Кенже қызым волейболға қатысады. Ұлым әлі балабақшада. Не нәрсеге бейім екенін уақыт көрсетеді.


-Сіз қазақ спортының болашағын қалай елестетер едіңіз?Өмірлік ұстанымыңыз қандай?


- Қазіргі жастар спортпен шұғылдану керек. Қазіргі уақытта  спортты көп ата- аналар екінші, үшінші сатыға қояды. Бірінші білім алу керек, ағылшын тілін меңгеру керек, математика, тағы басқаны білуі тиіс дейді де бала дүбараланып, тілі шұбарланып, спорт пен өнерге баруға уақыты жоқ болып қалады. Алайда, өсе келе елімізді, жерімізді кім қорғайды? Бүгінгі балалар тым әлжуаз, жүйкесі де әлсіз.  Спортпен шұғылданбаған бала шыдамсыз болады. Мәселен, бір жаттығуға келген бала бір сағат, екі сағат жүгіреді, бір әдіске жаттығу үшін оң иық және сол иықпен әрқайсысын 20-30 рет қайталауың керек, мұның бәрі еңбек, шыдамдылықпен келеді. Таңнан кешке дейін смартфонда ғана отырған бала тек дайын нәрсеге үйреніп қалмай ма? Ол миына, көзіне зиян. Смартфонның өзі алақандай ғана нәрсе ғой, миы да, ойлау қабілеті  де сондай қысқа болып шектеліп қалады. Сондықтан  балалар міндетті түрде спортпен шұғылдану керек. Бұл дегеніңіз, әрқайсысы міндетті түрде әлем чемпионы болып кету үшін емес, өзінің саулығы үшін, жетілуі үшін керек. Тәні сау адамның миы сау. Баланың патриоттық сезімін  намысын осылай ояту қажет. Отбасында әкенің рөлі өте маңызды. Әкенің сөзі, тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс.


- Дұрыс айтасыз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?


- Біздің алда тұрған мақсатымыз 2020 жылы Токио олимпиадасына   лицензия алу және сол олимпиадаға қатысу жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көріну, еліміздің абройын асқақтату ән ұранын ойнату. Әлем чемпионатынан ұтып жатқан палуандарымыз лицензия алса деп тілейміз.


-Әңгімеңізге рахмет! Сіздердің арқаларыңызда алдағы болатын Токио олимпиадасында еліміздің көк байрағы желбірейтініне сенімдіміз. Жеңісті күндерде жолыққанша, күн жақсы.


Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.