• Бүгін: 25.08.2019

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ПСИХОЛОГ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ КЕҢЕС БЕРДІ

Бүгін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі  мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы бірлесе жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне халықпен жұмыс барысындағы сөйлеу мәдениеті бойынша тренинг ұйымдастырды.


Тренингті психология ғылымдарының докторы, бизнес-тренер, Инновациялық психология және консалтинг институтының директоры  Аяпбергенова Гүлмира Болатқызы жүргізді.


Іс-шараға Департамент басшысы Ә.Көмекбаев, Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Н.Бұхарбаев,  Абай ауданының әкімі Б.Парманов, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов, Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуымен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ж.Агибаев қатысты.


 «Мемлекеттік қызметшілер қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынуы қажет. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндай білуіміз керек. Жақында ғана ҚР Президенті әкімдерге әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді тапсырды және халықпен кездесулерде конструктив диалог құру көптеген проблемалық мәселелерді тиісті деңгейде шешетіндігін жеткізді» - деді Әли Амантайұлы.


Сонымен қатар, кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің іскерлік қарым-қатынасының ерекшелігі, халықпен жұмыс істеудің психологиялық тетіктері: қызметтік саладағы шиеленісті жағдайлардың алдын алу және реттеу себептері мен әдістері талқыланды.


«Мемлекеттік қызметшілердің іскерлік қарым-қатынасы мәселелеріне, ең алдымен, азаматтарға және қоғамға мемлекеттік қызметшілердің әдепке сай емес мінез-құлқын келтіретін әлеуметтік залалға, сондай-ақ экономикалық және саяси залалға байланысты. Осының салдарынан жалпы мемлекеттік басқарудың барлық жүйесіне азаматтардың сенімі күрт төмендейді. Нәтижесінде қоғамның даму стратегияларын іске асыруда қиындықтар туындауы мүмкін, бұл елдегі саяси жағдайдың тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкін» - деді Г.Аяпбергенова.


Оның айтуынша мемлекеттік қызметшілер "Мемлекеттің бет-бейнесі" болғандықтан, олар халықтың алдында жеке имиджді ғана емес, сондай-ақ барлық мемлекеттік басқару жүйесінің мәртебесін да қалыптастырады. Осыған орай коммуникативтік құзыреттілік мемлекеттік қызметшілердің кәсіби келбетінің маңызды бөлігін білдіреді.


ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А.Есенгельдина мемлекеттік қызметшілерге Академия филиалының есігі әрқашан ашық екендігін, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.


Сондай-ақ, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев Жобалық кеңсенің жұмысымен таныстырды.


Іс-шара соңында мемлекеттік қызметшілерді толғандырған сұрақтарға жауаптар беріліп, алдағы уақытта да осы тұрғыдағы кездесулерді жиі ұйымдастырып отыруды шешті.


Фото: Серик Косаев


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.